Спорт

Алексей Луценко “Оман Туры” көпкүндігінде топ жарды

“Құлагер” хоккейшілері ел біріншілігінде сәтсіз өнер көрсетіп жатса, жерлес велошабандоз Алексей Луценко, керісінше жетістіктерімен қуантуда. Өткен жылғы Азияда чемпионы “Оман туры” велокөпкүндігінде топ жарды.

Бәйгенің 5-ші туры ең қиыны саналады. Себебі, велошабандоздар таулы аймақ арқылы 152 шақырымды еңсерулері тиіс. Алексей Луценко берілген қашықтықты 3 сағат 44 минут 3 секундта бағындырып, қарсыластарын шаң қаптырды. Ал көпкүндіктің соңғы 6-шы турында жерлес спортшы жеңіске жете алмады. Мәре сызығын ол небәрі 35-ші болып кесті. Бұған қарамастан, өткен жарыстардағы жоғары нәтижелерінің арқасында Алексей Луценко бұл маусымдағы алғашқы алтын жүлдесіне қол жеткізді.

Култанов Байболат