Бүгін Қазақстан коммунистік халық партиясы өңірлік филиалының мүшелері кейінгі буын өкілдерімен кездесті. “Жастар – еліміздің стратегиялық ресурсы” деп аталған жиында партиялықтар бойжеткендер мен бозбалаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлерін түсіндірді.
Аяла Қонақбаева – табысты бизнесвумен. 24 жасында ол өзінің бокс клубын, ал араға бір жыл салып екіншісін ашқан. Тағы бір отандас кәсіпкер – Максим Сәрсенов. Небәрі 19-ында бозбала коктейль киоскілерінің желісін, ал бертінірек “Экотакси” қызметін ашады. Бұл азаматтардың есімдері жастары 30-дан аспаған 30 табысты қазақстандықтардың тізіміне кіреді. Мына залда отырған студенттердің кез келгені осындай, тіпті одан да биік жетістіктерге жете алады, тек белсенділік пен табандылық танытса болғаны. ҚКХП-ның өңірлік филиалының өкілдері өскелең ұрпаққа осыны түсіндіруде. Олар жастармен ашық диалогқа шығып, биыл, яғни жастар жылында мемлекет көрсететін қолдау мен жасайтын жағдайларды тілге тиек етіп жатыр.
Ардақ Қажымұратов – Қазақстан коммунистік халық партиясы бойынша филиалының мүшесі, заңгер:
– Жастарды толғандыратын мәселелер көп қой. Елбасы және Үкімет биылғы жастар жылында оларға көп қолдау көрсетіп жатыр. Оларға мұны пайдалануға болады. Отырмау керек, қозғалу керек, іздену керек, өздерінің білімдерін көтерсін.
Кездесуге қонақ ретінде өзге партия мүшелері, жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері және кәсіпкерлікті қолдау қорлары мен атқарушы билік өкілдері қатысты. Олар баспаналы болғысы келетін жастарға тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын түсіндірді, қос дипломы қолтығында болса да жұмыс таба алмай жүрген жас кадрларға не істеу керектігін айтты. Олар біреуге тәуелді болмай, өз кәсібін аша алады. Бұл үшін билік тарапынан қолдау мығым.
Мұратбек Сердалинов, “Даму” қоры” АҚ СҚО бойынша филиалының менеджері:
– Қазіргі таңда “БЖК-2020” бағдарламасының аясында жас кәсіпкер банктен несие алғанда 85%-ға дейін “Даму” қорынан кепілдік жасалады. Гранттық қаржыландыру да бар. Жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер осы бағдарлама бойынша 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұтып ала алады. Ол үшін жастарға оқудан өту керек, кейін бизнес-жоспар құрып, құжаттарды әкімдікке тапсырулары тиіс.
Парламенттегі фракцияда ҚКХП мүддесін небәрі 7 депутат қорғайды. Бұған қарамастан жастарға бағытталған бағдарламаларды оңтайландыруда коммунистер аса белсенді. Олар өз ұсыныстарын жазып, атқарушы билікке жиі депутаттық сауалдар жолдап тұрады.
Саят Ермек