МТРА жаңалықтары

Петропавлда «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы өтті

41 адам мас күйінде көлік айдап, 138-ден астамы жылдамдықты асырған. Тағы бірнеше жүргізуші темір тұлпарды құжатсыз басқарыпты. Осындай заңбұзушылықтарды полицейлер үш күндік «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы барысында анықтады.

Евней Бөкетов көшесінің бойында тұрған тәртіп сақшылары құжат тексеру үшін кезекті көлікті тоқтатады. Бірақ «Фольксваген» темір тұлпарын тізгіндеген азаматта жүргізуші куәлігі болмай шыққан.

– Управлял данным автомобилем без водительского удостоверения. Водительского удостоверения был лишен в 2014 году.

Осылай құжатсыз тайраңдап жүрген 43 жасар петропавлдық дәл осындай заңбұзушылыққа жол бергені үшін бұрын да айыппұл төлеген екен. Бірақ, бұл оған сабақ болмаған сыңайлы. Осы жолы да ережені өрескел бұған азамат жазадан сытылып кетпеді. Оған ҚР Әкімшілік Кодексінің 612-бабы 4-тармағына сай 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, көлігі айып тұрағына жөнелтілді. Жалпы, 3 күн ішінде полицейлер жол ережесін бұзудың 1700-ден астам фактісін анықтапты.

Азамат Келдеғұлов – Петпрпавл қалалық ПБ ЖПҚ жол-патрульдік полиция батальонының командирі:

– «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы аясында жүргізуші куәлігінсіз жүрген 36 адам жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, рөлде отырып, телефон арқылы сөйлесудің 234 фактісі тіркеліп, қауіпсіздік белдігін тақпаған 286 петропавлдық анықталды. Жолда апаттық жағдайды туғызғаны үшін 13 жүргізуші жазаланған.

Ал 138 адам жылдамдықты асырғаны үшін жазаға тартылды. Тағы мас күйінде көлік айдағандар да болған. Ондай 41 факт тіркеліп отыр.

Магжан Ахмадина