Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тимирязев ауданына жаңа әкім тағайындалды

Өңірде кезекті кадрлық өзгеріс. Бүгін Тимирязев ауданына жаңа әкім тағайындалды. Басшы лауазымына 35 жастағы Нұрлан Кеңесов келді. Атқамінерді Тимирязев жұртшылығына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров таныстырып, бірқатар тапсырма берді.

Жаңа әкімнің кандидатурасын аудандық халық қалаулыларының назарына Айдарбек Сапаров ұсынды. Нұрлан Кеңесов 35-те, дегенмен жастығына қарамастан Тимирязев өлкесін алға жылжытып, халықтың тұрмыс сапасын арттырарлық білімі мен тәжірибесі бар деді өңір жетекшісінің бірінші орынбасары. Ол “Болашақ” бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып келген, ал 2015 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын аяқтапты.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Нұрлан Маратұлы – Қарағанды қаласының тумасы. Өзінің еңбек жолын 2005 жылы инженер-электроншы лауазымынан бастаған. Кейін, мемлекеттік қызметтің барлық сатыларынан өтіп, қатардағы сарапшыдан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде департамент басшысының орынбасарына дейін көтерілді. 2016 жылдан бері Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінде директорлық қызмет атқарды.

Қызметтік тізімі ауқымды жаңа басшының кандидатурасын жергілікті мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Бұдан соң Айдарбек Сапаров Нұрлан Кеңесовты аудан активіне таныстырды. Таныстырып қана қоймай, өңір жетекшісінің атынан біршама тапсырма жүктеді. Ауданда шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Мәселен, мұндағы айлық орташа жалақы көлемі 96 жарым мың теңгені құраған, яғни облыстық көрсеткіштен біршама төмен. Жаңа әкімге оны көтеру керек. Тағы аудандық ауруханада 4 дәрігер-маман жетіспейді. Басшыға кадрларды тарту жүктелді. Инвесторлармен де тығыз жұмыс жасау қажет.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бұл аудан арқылы темір жол өтеді, элеваторлар да бар. Көрші ауданға қарағанда бұл ауданның деңгейі мықты болуға тиісті. Бәрі өзіңізге байланысты. Мықты команда құрып, қызмет істеу қажет. Сізде барлық қабілет бар, білім бар. Шетелде білім алып келдіңіз. Сондықтан, осы жерге біраз инвестиция тарту қажет. Өз елдің азаматтарын қолдау керек.

Бұдан бөлек, егістік науқанына дайындықты бастап, биылғы жылы тұқым сапасы мен алқаптарды әртараптандыруды назардан тыс қалдырмау қажет. Мықтап қолға алып, жіті назар салсаң шешімін таппайтын түйіткіл жоқ. Бұл – ауданның жаңа әкімінің ұстанымы. Жұртшылық алдында сөз алған Нұрлан Кеңесов өзіне артылған сенімді ақтап, тапсырмаларды бұлжытпай орындауға дайынмын деді.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Жылы қарсы алып отырғандарыңызға алғысымды білдіремін. Елбасы қойған тапсырмаларды жүзеге асыруға дайынмын. Аудан экономикасын одан әрі дамытып, халықтың әл-ауқатын жоғарылату үшін барымды салатын боламын.

Еске сала кетсек, бұған дейін ауданды 1,5 жыл бойы басқарып келген Ербол Сағдиев осыдан екі апта бұрын жаңа лауазымға ауысты. Енді ол Есіл ауданына жетекшілік етеді. Жиынға қатысқан ауданның бұрынғы басшысы өзінің ізбасарына сәттілік тіледі.

Саят Ермек