Халық тарих толқынында

Ауған соғысынан сыр шертетін жәдігерлер

Ауған соғысынан сыр шертетін жәдігерлер. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме ұйымдастырылды.

Музей сөрелеріне Ауған соғысында қолданылған қару-жарақтар мен қатар, сарбаздардың әскери киімдері де қойылды. Ұрыс даласында түскен фотосуреттер, архивтен алынған құжаттар да кездеседі. Өзіндік сыры бар бұл заттардың ардагерлер үшін орны бөлек дейді музей қызметкерлері.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі: 

– Білесіздер, бұл соғысқа 22 000 қазақстандық аттанған болатын. Оның ішінде 1500-ы – солтүстікқазақстандық. Олардың ішінде 46-сы қаза тапқан. Осы көрмеміздің мақсаты – жауынгер-интернационалистердің ерлігін насихаттау.

Ауған соғысына қатысқандардың бірі – жерлесіміз Александр Азегов. Ол қарулас достарының оққа ұшқан сәттерін әлі ұмытпаған. Жолдастарын еске түсіріп, көзіне жаста алды.

Александр Азегов – Ауған соғысының ардагері:

– Бұрынғы Целиноград қаласына Отан алдындағы борышымды өтеуге барған едім. Келесі күні ант қабылдағанан кейін, біздің дивизияға Ауғанстанға аттансын деп бұйрық берді. Ол жерде бізді бір апта бойы орман ішінде ұстады. Бастапқыда бізді не үшін жібергендерін түсінбедік.

Ауған соғысы жылдарының жәдігерлері қойылған көрме 2 күнге созылмақ.