Халық тарих толқынында

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 30 жыл

Ақпанның 15-і Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Бүгінде облыс бойынша бұл датаға орай түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мәселен, Иван Шухов атындағы қалалық орталық кітапханада Ауған соғысының ардагерлері жастармен кездесті.

79-шы жылдың желтоқсаны. Кеңес әскерлерінің қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас жігіттер Ауғанстан аумағына жөнелтіледі. Аталған мемлекет ішіндегі төңкерісті басуға бағытталған бұл әскери араласу кейін қырғи қабақ соғысқа айналады. Сол кезде Кеңес одағының құрамында болған Қазақстаннан Ауғанстанға кейбір деректер бойынша 22 000 жауынгер аттанған. Олардың 700-ден астамы қаза тапса, шамамен 20-сы хабарсыз кеткен.

Ғалия Мелешкевич – И.Шухов атындағы қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы:

– Мұндай соғыс қайталанбасын дейміз. Бірақ, оның хронологиясы мен барысынан кейінгі буын хабардар болуы керек. Бұл – тарих. Сондықтан, бүгінгі кездесуге жастар мен интернационалист-жауынгерлерді шақырдық. Өзіміз де мол деректер жинап, жіті дайындалдық.

Кездесуде жастарға деректі фильмдерден үзінділер көрсетілді, “Ауғанстан отынан” деп аталатын арнайы көрмеден орын тепкен әдебиеттер таныстырылды. Тіпті, Ауған соғысынан сыр шертетін әндер де орындалды.

Ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына тура 30 жыл толады. Бұл майданның қаншалықты қиын болғанын оған қатысқан жандардан артық ешкім жеткізе алмайды. Сондықтан, 89-дың ақпанында елге аман оралған жерлес ардагерлер жастарға бастан кешкен оқиғаларын әңгімелеп берді.

Александр Куркин – Ауған соғысының ардагері:

– Мен Кабулдан Поли-Хумри қаласына жол тартқан колонналарды күзеттім. Біз қорғаған көліктерде қару жарақ, оқ-дәрі мен азық-түлік тасымалданды. Қыстың қақап тұрғанына қарамастан палаткаларда түнейтінбіз. Сол кезде тоңғаным әлі күнге дейін есімде. Әскери училищеде оқып жүргенде киген қалың шинелім сонда мені суықтан қорғап қалды. 80-ші жылы ауыр жарақат алып елге оралдым.

Ауған соғысы жайлы пікірлер әр алуан. Бұл бөлек әңгіме. Ал сол соғысқа қатысып, аман қалған ардагерлер өзімізге жүктелген әскери міндетімізді адал орындадық дейді. Сол үшін олар құрметке лайықты.

Саят Ермек