Өткен жылы өңірде 1 ана өлімі тіркелген. Сәбилердің шетінеп кетуі 26,4 пайызға артыпты. Онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны 3,7 пайызға өскен. Сондай-ақ, өңірде 228 дәрігер жетіспейді. Ал 20-дан астам емдеу мекемесі жөндеуді қажет етеді. Бүгін облыс орталығында денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Отырысқа теріскейдің емдеу мекемелерінің басшылары тайлы-тұяғы қалмай түгел жиылған. Өйткені, өткен жылдың қортындысы бойынша кей көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Қай саланы алып қарасаң да кадр тапшылығы, ескі құрылғылар және олардың жетіспеушілігі сынды проблемалармен кезігесің дейді өңірдің бас дәрігері. Тағы 2018 жылы облыста ана өлімінің бір фактісі тіркеліпті. Ал сәбилердің шетінеп кетуі 26,4 пайызға артқан. Онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны да азаймай тұр.
Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтау көрсеткіші 0,3 пайызға жақсарды. Бірақ, обыр дертіне шалдыққандар саны 3,7 пайызға өсіп отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл аурудан көз жұмғандар қатары да артқан. Бүгіндері облыстық онколгиялық диспенсЕрдің жабдықталуы 63 пайызды құрайды. Тағы мұнда кадр тапшылығы байқалады.
Өңірде 228 дәрігер жетіспейді. Оның 60-тан астамы ауылды жерлерге қажет. Кардиолог маман 13 ауданның тек 1-уінде – Қызылжар ауданында ғана бар екен. Осы жағдайды реттеу керек дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов. Жалпы, өткен жылы мұнда ашық жүрекке 250 ота жасалыпты. Емдеу мекемесінің дәрігерлері шетелдерге тәжірибе алмасуға да жиі барып тұрады. Нәтижесінде жүрек алмастырудан басқа жасалатын оталардың барлық түрі өзімізде орындалатын болған.
Азамат Мағзұмов – Кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:
– Жүректің клапандарына, аортаға операциялар жасаймыз. Шунтирование, стентирование тағы бар. Электрокардиостимулятор алдық былтыр. Соның арқасында жүрек қағысы жиілеген азаматтарға көмек көрсетеміз. Жүректің жұмысы жасқарады.
Өткен жылы өңірде 700 млн теңгеден астам сомаға 18 емдеу мекемесінде жөндеу жүргізіліпті. Десе де, әлі 20 стационар, 3 емхана мен 3 фельдшерлік-акушерлік пункт жөндеуді қажет етеді. Денсаулық сақтау нысандарына құрылғылар алуға биыл 4 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп.
Сондай-ақ, биыл Петропавл қаласында көпсалалы аурухананың құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Магжан Ахмадина