Ауа райы

Солтүстіктің сарышұнақ аяздары күшейе түседі

Қыс қаһарына мінді! Алдағы үш күнде жерлестерімізді сарышұнақ аяздар күтіп тұр. «Қазгидромет» берген мәліметтерге сәйкес ертең өңір аумағында боран ойнақ салып, күшті жел соғады.

Оның екпіні секундына 15-тен 25 метрге дейін жетуі мүмкін, ал ауа температурасы -30-35 градусқа дейін төмендейді. Синоптиктердің болжауынша, ақпанның 6-сы мен 7-сі де күн райынан оң қабақ күтпеген абзал. Бұл күндері түнде сынап бағанасы -37-42 градусты көрсетеді, кейбір жерлерде, тіпті -45 градус аяз күтілуде. Құтқарушылардың мәлімдеуінше, жерлестеріміздің ұялы телефондарына ескерту хабарламалары жіберілген. Мамандар өңір тұрғындарына алыс жолға шықпау қажеттігін ескертеді. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін аязға байланысты қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстап, абай болыңыздар!

Култанов Байболат