Мәдениет

Петропавлда Тамара Асардың концерті өтті

Өңіріміз бен Маңғыстау облысының мәдениет басқармалары өзара әріптестік жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Соның аясында Петропавлда әнші Тамара Асардың концерті өтті. Елімізге танымал өнер иесі халықтың сүйіп тыңдайтын әндерін шырқап, солтүстікқазақстандық көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады.

Екі өңірдің мәдениет саласы қызметкерлерінің кездесуі қарапайым түрде өтті. Маңызды жиынға журналистер ғана қатысып, жасалған келісімге куә болды. Жалпы, мәдениет қызметкерлері батыс өңірімен әріптестік жөніндегі меморандумға алғаш рет қол қойысып отыр. Құжат алдағы уақытта екі облыстың өнер мен мәдениет саласындағы байланысын нығайта түспек.

Пания Сармурзина – Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы:

 – Меморандумның аясында әр түрлі концерттер, театрлардың арасындағы байланыс, көрмелер ұйымдастырылмақ. СҚО тарихи орындарға өте бай. Сондықтан, киелі Маңғыстау жеріне берері шаш етектен деп есептейміз.

Екі аймақтың дәстүрі мен мәдениетінің байланысы мығым болуы үшін қос тарап шағын сыйлықтармен алмасып, кейін батыс өңірінің әкелген «Ақтаудың ақмаржаны» деген концертін тамашалады. Онда Маңғыстаудың ерке қызы Тамара Асар өнер көрсетті.

«Елімнің ерке қызы мен боламын»-, деп өзін әнге қосқан Тамара Асарды халық сүйіп тыңдайды. Сондықтан, әр нөмірден кейін сүйікті қыздарына шапалақ соғып, өнер иесіне гүл шоқтарын сыйлады.

– Тамара Асар – ең жақсы көретін әншім. Ол өте дарынды, өте жақсы. Әндерінің барлығы жұртқа танымал. Әндерін өзіміз де жақсы көріп айтамыз. Мен ол кісінің концертін қалдырмаймын.

– Өзім жақсы көрем Тамараны. Ол өзінің әнімен, сәнімен, жылы жүзімен баурап алады. Сол жағынан маған ұнайды.

Концертті тамашалауға солтүстікқазақтандықтар көптеп жиылған екен. Сондықтан, залда ине шаншар орын болмады. Көрермен қошеметіне бөленген Тамар Асар концертте барын салып, қазақ әндерінен бөлек, орыс халқының және шет тілді туындыларды да орындады.

Тамара Асар – әнші, ҚР Құрмет орденінің иегері:

– Маңғыстаудың гимніне айналған Әсет Бейсеуовтің әндерін алып келдім. Аймақтардың және орыс халық әндері бар. Шетелдің әндерін алып келдім. Петропавлға бұрын келгенмін. Бірақ, ресми, алғашқы ән сапарыммен алғаш келіп отырмын. Өте жақсы қарсы алды. Үлкен-кіші батасын тілеп жақсы қарсы алды. Шын жүректен қуаныштымын.

Осылайша, екі сағатқа жалғасқан концерттен солтүстікқазақстандық көрермен шаттықа бөленіп, рухани байып қайтты.

Магжан Ахмадина