Құқық қорғау органдары

Петропавл қаласында жыл басынан 3 қалта ұрлығы тіркелді

Облыс орталығында жыл басынан 3 қалта ұрлығы тіркелді. Олардың барлығы қоғамдық көліктерде орын алған. Осыған орай тәртіп сақшылары тұрғындарға сақтық шараларын тағы бір еске салып, абай болуға кеңес береді.

-Уважаемые пассажиры! Во избежание карманных краж будьте внимательны. Постарайтесь держать сумки и ценные вещи перед собой .

– Құрметті жолаушылар! Қалта ұрыларынан сақ болыңыздар! Сөмкелеріңіз бен құнды заттарыңызды көз алдарыңызда ұстауға тырысыңыздар.

Бүгіндері қаладағы кез келген автобуста осындай хабарландыруды естуге болады. Және ол тектен тек емес. Нақ қоғамдық көліктерде қалта ұрлығы жиі орын алады екен. Тағы оңай олжа табуды көздегендер базар мен сауда орындарын жағалайтын көрінеді. Осындай қылмыстардың алдын алу үшін 2014 жылдан бері орталық базарда полицияның жедел іздестіру бөлімшесі жұмыс істейді. Оның құрамындағы 5 қызметкер күн сайын бейнебақылау камераларының мүмкіндігін пайдаланып, сауда қатарлары мен павильондардағы жағдайды қадағалайды. Қалта ұрылары негізінен нәзікжандыларды сан соқтырып кетеді екен.

Рустам Шыңғысов – Петропавл қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі:

– Қалта ұрлығы негізінен базарларда және автобустарда таңғы сағат 7.00-ден 10.00. аралығында және кешкі сағат 17.00-ден 19.00. аралығында жасалады. Автобуста сөмкеңізді қолда ұстаңыз. Ақша мен ұялы телефондарыңызды киімнің ішкі қалтасына салыңыз. Адамдар көп жиналған орында ақшаңызды санамаңыз. Бұл қалта ұрыларының назарын аударады.

Жыл басынан облыс орталығында 3 қалта ұрлығы тіркеліп, оның барлығы да ашылыпты.

Магжан Ахмадина