Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданына жаңа әкім тағайындалды

Өңірде кезекті кадрлық ауыс-түйіс. Есіл ауданын 6 жыл басқарған Мұратбек Әбішев енді Жамбыл ауданына жетекшілік етеді. Оның орнына Ербол Сағдиев келді. Ол соңғы 1 жарым жыл бойы Тимирязев ауданына басшылық жасаған болатын.

Дәстүрге сай алдымен жергілікті мәслихат сессиясы өтіп, Есіл ауданы әкімі лауазымына Құмар Ақсақалов Ербол Сағдиевті ұсынды. Ол осы өлкенің тумасы екен. Ербол Сағдиевтің кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады. Себебі, сонау 2003 жылдан бері әкімдік қызметте жүрген бұл азаматтың тәжірибесі мол. Шешім қабылданған соң жаңа басшы аудан активіне таныстырылды. Ал бұған дейін осы лауазымда 6 жыл бойы тер төккен Мұратбек Әбішев енді Жамбыл ауданына жетекшілік етеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мұратбек Жапасұлына алғысымызды айтайық. Біраз еңбек етті. Әрбір әкімнің мерзімі болады. Оны өздеріңіз білесіздер. Сондықтан басқа жұмысқа ауыстырылады.

Жиында ауданның өткен жылдағы даму көрсеткіштерін бағамдаған Құмар Ақсақалов бірнеше кемшіліктерді атап өтті. Біріншіден, мұндағы орташа жалақы көлемі облыстық деңгейден біршама төмен. Ал әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасы ауданда тым жоғары. Мәселе реттеуді талап етеді. Ауыл шаруашылығында да шешілмеген түйткілдер баршылық. Ауданда бірде-бір сүт-тауарлық ферма жоқ, ал өндіріс саласында жалғыз “Әулие Голд майнинг” кәсіпорны ғана жұмыс істейді. Сондықтан, жаңа әкімге инвесторларды тарту жүктелді. Ал мыңдаған гектар құнарлы егістік жерлерін дұрыс пайдаланбайтын шаруашылықтардан алқаптарды қайтарып алу керек деген міндет қойылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде – аудан, одан қалды облыстағы ауыл шаруашылығы саласының дамуын тежеп тұрған шаруашылықтар бар. Мысалы, өткен орақ науқанында Есіл ауданы бойынша “Ключевой” және “Гермес” серіктестерінде гектар өнімділігі небәрі 11 центнерді құраған. Ербол Болатұлына және аудан активіне жағдайды түзетуді жүктеймін. Мұндай қожалықтардан жерді тартып алып, жұмысын тоқтату қажет. Себебі, Есіл ауданының жерлері бай әрі құнарлы. Одан да бұл алқаптарды мол өнім ала білетін шаруашылықтарға бергеніміз дұрыс.

Сондай-ақ, егістік алқаптарын әртараптандыру ісіне қарқын қосу қажет деді өңір жетекшісі. Жүктелген міндет көп. Ербол Сағдиев жұмысқа білек сыбана кірісетінін жеткізді.

Ербол Сағдиев – Есіл ауданының әкімі:

– Сіздің тапсырмаларыңызды орындай отыра, әрбір тұрғынның тұрмыс сапасын арттырып, ауданды дамыту үшін аянбай еңбек етуге уәде беремін. Проблемалар бар, бірақ оларды шешуге болады.

Құмар Ақсақалов жаңа әкімге түпкілікті кадр ауыстырумен айналыспауды тапсырды. Сырттан ешкімді тартпай, осы елдің тынысымен таныс азаматтармен жұмыс жасауды жалғастыру қажеттігін алға тартты. Облыс әкімі 2019-да атқарылар шаруа жоспарымен де бөлісті. Алдағы 3 жылға Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында биыл Есіл ауданында 50 баспана тұрғызылады. Ауданішілік жолдарды қалыпқа келтіру үшін 429 млн теңге бөлінбек. 21 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, Есіл ауданында 8 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бұл үшін өңір қазынасынан 244 млн теңге бөлінбек.

 

Саят Ермек