ТЖ

Қыста балық аулаушыларға абай болған абзал

Солтүстік Қазақстан аумағында аязды күндер дүйсенбіден бері жалғасуда. Алайда, бұған қарамастан Есіл өзеніне балық аулау үшін келетін жерлестеріміздің қатары сиремек емес. Мұндай экстремалдарға қауіпсіздік ережелерін бір қайтара түсіндіру үшін құтқарушылар рейд шараларын жүргізді.

Күн сайын 2 маманнан тұратын 4 құтқару тобы Есіл өзеніне шығады. Олар шатырлардың ішінде отырған балықшыларға мұз үстіндегі және аязды күндердегі сақтық шараларын айтып, арнайы жадынамалар табыстайды. Абырой болғанда, жыл басталғалы өңірдегі су қоймаларында бірде-бір төтенше жағдай орын алмаған. Құтқарушылардың сөзінше, қазір Есілдегі мұздың қалыңдығы 30 см-ден асады. Яғни, қалың. Кенеттен морт сынып кете қоймас. Бірақ, төмен ауа температурасының салдарынан балықшылардың үсініп қалуы ғажап емес.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекшісі:

– Жылы киіну қажет, аяқ-киімнің табаны тайғақ болмауы тиіс. Егер балықшы шатыр ішін газ жанарғысы арқылы жылытатын болса, онда өрт қауіпсіздігін сақтау керек. Мұздың жұқарған жерін байқасаңыз, оны айналып өту қажет. Ал егер төтенше жағдай оқиғасының куәгері болсаңыз, бірден 112 нөміріне хабарласыңыз.

Саят Ермек