Өткен жылы өңірде майлы дақылдар себілген алқаптардың аумағы 2 есеге өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағасын берді. Кеше Елордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент өзге аймақтарды Солтүстік Қазақстан облысынан үлгі алуға шақырды.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің былтырғы жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сөз болды. Сондай-ақ, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде қолданылатын шаралар да тілге тиек етілді. Әсіресе, 2018 жылы агроөнеркәсіптік кешенде оң динамика байқалған. Былтыр отандық диқандар 23 млн тонна астық жинапты. Бұдан бөлек, қант қызылшасы, соя және зығыр алқаптарының көлемі де біршама артқан. Ал Солтүстік Қазақстан облысында майлы дақылдар шамамен 1 млн гектарға егіліпті. Бұл ел бойынша мұндай дақылдар себілген аумақтың 40 пайызын құрайды. Нұрсұлтан Назарбаев бұның ел тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екенін айтып, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың еңбегін ерекше атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Аксакалов понял, что это выгодно, чем выращивать только пшеницу. Солай ғой? Мынаның пайдасы көп екендігін көрдің, бағасы да, көріп отырғанымыздай, жоғары.
Саят Ермек