Балалар

Жасотандықтар студенттермен жүздесті

Жастар жылында жастарды күтіп тұрған жеңілдіктер Петропавл студенттеріне баяндалды. Бүгін шаһарда “Жас Отан” жастар қанаты белсенділерінің ұйымдастыруымен кездесу өтті. Жиында қаңтардың 23-і Елордадағы салтанатты шараға қатысқан ұл-қыздар сөз сөйлеп, Президент бастамаларын тілге тиек етті.

Жастар үшін баспананы қолжетімді ету қажет, олардың тың идеяларын жүзеге асыруға көмектесу керек. Бұл жайлы Елбасы қаңтардың 23-і Елордада жастар жылының ашылуында айтты. Нұр Әлемдегі бұл салтанатқа теріскейден 6 жалынды жас қатысқан. Солардың бірі – Сәлімхан Сәбитов. Оны жас кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетіні ерекше қуантады.

Сәлімхан Сәбитов – “Равная дорога” мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектебінің директоры:

– Мүгедек балаларға арналған автомектеп ашқаныма қуаныштымын. Бұл менің өз арманым ғана емес, өзім сияқты өзге де балалардың арманын жүзеге асырып, оларға мүмкіндік беру. Мұндай мектептің Қазақстан бойынша аналогы жоқ. Қазір 13 адам оқуға ниет білдірді.

Жастар кәсіпкерлігін дамытудың маңызы зор. Себебі, біріншіден, бүгінде жоғарғы білім алып, бірақ жұмыс таба алмай жүрген бойжеткендер мен бозбалалар баршылық. Екіншіден, 2050 жылға дейін әлемдегі барлық мамандықтардың шамамен жартысы қажетсіз болып қалады. Сонда бизнес бүгінгі жастардың ертеңгі табыс көзіне айналмақ. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев еріктілікпен айналысатын студенттер шәкіртақысының 30 пайызға өсетіндігін айтты. Осы ретте бүгінгі жиынды ұйымдастырып отырған “Жас Отан” жастар қанатының жергілікті филиалы биыл тың жобаны жүзеге асырмақшы.

Абылайхан Қайроллаев – «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы:

– Еріктілер мектебін ашып, қатысушы жастарға арнайы құжат береміз. Осы құжатты олар оқу орындарына көрсетіп, жоғары шәкіртақы алатын болады. Олар қаладағы форумадарды өткізуге көмектеседі, сенбіліктерге шығады, “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы бойынша ата-әжелерге көмектеседі.

Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған өңірлік жастар саясаты басқармасының жетекшісі Ирина Тухватулина барлық аудандарда жаңа жастар саябағын ашу идеясын тастады.

Саят Ермек