Қоғам

“Zhas Project” армандарды орындайды

“Zhas Project” армандарды орындайды. Шаһарда жарты жыл бойы “Woman’s room” студиясы жұмыс істеуде. Мұнда мамандар әлеуметтік әлжуаз топ өкілдерін маникюр жасап, кірпік өсіруге тегін үйретіп келеді. Жаңа кәсіпті осы уақыт ішінде 50-ден астам нәзікжанды меңгерген.

Тура жарты жыл бұрын бұл қарапайым құрбылардың әдеттегі отырысы болатын. Алайда, сол кездесу олардың өмірін түбегейлі түрде өзгертті. Қыздардың қабылдаған шешімі мен танытқан табандылықтары бүгінде дөңгелетіп отырған кәсіптерінің бастамасына айналды. Женя, Гоар мен Лия қазір бьюти салаға қажетті кәсіби мамандарды даярлауда. Нәзікжандылар тамыз айында “Zhas Project” жобасы арқылы арнайы курстардан өтіп, бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгерген. Сол уақыттан бері мына кішігірім сұлулық салоны осы салада жұмыс істегісі келетін қыз-келіншектерден босаған емес.

Евгения Асаубаева – “Zhas Project” жобасының қатысушысы:

– Біз оқыту курстарынан өткенде бизнес-жоспарымызды егжей-тегжейлі құрдық. Бөлінетін ақшаның қалай жұмсалатынын да қарастырдық. Әр ай сайын тындырылған шаруа туралы есеп беріп, қаражаттың қайда кеткенін жазамыз. Алғашқы транш – 487 мың теңге, бізге қыркүйек айының басында берілді. Бұл барлық гранттың тең жартысы болатын. Аталған сома маникюр мен кірпік өсіруге қажетті материалдарды алуға жұмсалды. Жобамыздың тегін бөлігі ақпанның 3-і аяқталмақ. Кейін кәсіпті ақылы түрде жүргізу ойда бар.

«Women’s Room» әлеуметтік жобасы қоғамның әлжуас топтарынан шыққан қыз-келіншектерден бьюти индустрияға қажетті мамандарды үйретуге бағытталған. Осылайша, нәзікжандылар бүгінгі таңда табысы жоғары әрі сұранысқа ие кәсіпті тегін меңгере алады. Алғашқы шеберлік сағатында теріскейліктер өзіне жақын жұмысты таңдапты. Біріне маникюр жасау ұнаса, енді бірінің кірпік өсіруге қабілеті жоғары болған. Соңғысы аталған істі қазір Туяна Тубчинова үйренуде. Тиімді мүмкіндікті пайдаланған жас қыздың көрсетіп жатқан нәтижелері тамаша. Олай болмағанда ше. Мамандар нәзікжандыларды бірнеше ай бойы дайындайды.

Туяна Тубчинова:

– Шеберлік сағатына алғаш келгенім әлі есімде. Ол кезде қолымда қысқышты да ұстай алмайтынмын. Қазіргі таңда лэшмейкерлерді бар-жоғы екі күнде дайындап шығады. Бұл өте аз уақыт. Бізді шеберіміз жұмысты мінсіз орындағанымызша үйретеді. Оған қоса, клиенттер табылып жатса, осы студияға келіп қабылдай аламыз. Нағыз білікті маман болып шығуымызға барлық жағдай жасалған. Мені осы іске баулыған шебер мен жоба жетекшілеріне алғыс білдіремін.

Альфия Өрімбаева қаламызда алғашқылардың бірі болып 9 жыл бұрын кірпік өсіру ісін меңгерген. Шеберді жоба жетекшілері сарапшы маман ретінде шақырыпты. Қоғамға пайда әкелетін қайырымды істерден Альфия ешқашан шет қалмаған. Сондықтан, «Women’s Room»-нан ұсыныс түскенде ойланбастан қуана келісіпті. 6 ай ішінде оның алдынан 30-ға жуық нәзікжанды өткен.

Альфия Өрімбаева – кірпік өсіру жөнінен шебер:

–  Мен әрдайым балалар үйіне, көпбалалы отбасыларға барып, барынша көмек қолын созуға тырысамын. Құрбыларымнан бұл жоба туралы естігенде, қыз-келіншектерге жаңа істі үйретіп, пайда тигізе алатыныма өте қуандым. Жалпы, мұндай курстардың бағасы 40 мыңнан басталатындықтан, қоғамның әлжуаз тобынан шыққандардың қалталары көтермеуі мүмкін. Сондықтан, әлеуметтік жобаның пайдасы әрі маңызы өте зор!

Тағы, жоба жетекшілері қолдан білезік жасаумен де айналысады екен. Олар қаламыздағы 3 интернаттың тәрбиеленушілерімен бірлесіп, ондаған бұйым әзірлеген. Жас қолөнершілердің дайындаған дүниелері өздеріне сыйлық ретінде қалса, қалғандары сатылымға шығарылған. Одан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалмақ. Осылайша, “Zhas Project” жобасы, 1 млн теңге көлеміндегі грант пен құрбылардың идеясы 50-ден астам теріскейлік нәзікжандының арманын орындады.

Эльмира Садвокасова