Оқушылар сарайында “Толағай” балалар театрының жас актерлері қойған спектакльдің тұсаукесері өтті. Олар көрермендерге ақиық ақын М.Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасын сахналады.
Поэма желісі бойынша есімі алты алашқа танымал Батыр Баян жоңғарлармен болған ұрыстардың бірінде қалмақтың құралай көзді сұлуына ғашық болып, оны өзімен бірге алып кетеді. Алайда, батырдың сезіміне жауап бермеген 14 жасар қыз Баянның жалғыз інісі Ноянға ынтызар болады.
Бойжеткен өз еліне қайтқысы келеді. Бір-біріне ғашық екі жас сөз байласып, қашуға бел буады. Бойын ашу-ыза кернеген Батыр Баян соңдарынан қуып жетіп, інісі мен қалмақ қызын садақпен атып түсіреді. Кейін ашумен жасаған қылығына өкініп, батыр еңіреп жылайды.
Бұл спектакльде Батырдың образын “Білім-Инновация” лицейінің 11-сынып оқушысы Даниял Ережепов сомдайды. 16 жастағы жеткіншек осыған дейін білім ошағында кішігірім спектакльдерге қатысқан екен. Ал бұл – оның алғашқы, жауапты әрі салмақты рөлдерінің бірі.
Даниял Ережепов – “Білім-Инновация” лицейінің 11-сынып оқушысы:
– Рөлді сомдағаннан кейін біраз уақыт текстке, сондай-ақ, рөлдік жағына арнадым. Дайындалу қиын болды.
Спектакль соңында Батыр Баян кезекті жорығында жоңғарларға шабуыл жасап, солардың қолдарынан мерт болады.
Жалпы, қойылымды Оқушылар сарайындағы “Толағай” балалар театрының 30-дан астам жас актері сахналауда. Үйірме осыдан 3 ай бұрын ашылған болатын. Бүгінде оған 60-қа жуық оқушы қатысады. Қойылымды балалар театрының жетекшісі тәжірибелі актер Дәурен Тойбазаров әзірлеген.
Дәурен Тойбазаров – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актёрі:
– Біздің бабаларымызды дәріптеу мақсатында және оқушыларға көрсету мақсатында қойып отырмыз. 7-сыныптан 11-сыныпқа дейін алынған балалар. Таңдау ауырға соқты. Балалардың өнерге деген талпынысы жоғары. Осы қойылым арқылы мектеп оқушыларын өнерге шақырамыз.
Спектакль жиналғандардың көңілінен шыққаны айтпаса да түсінікті. Барлығы жас актерлерді ду қол шапалақпен қарсы алып, гүл шоқтарын сыйлап жатты. Қатарластарының ойыны мен еңбегін оқушылар жақсы бағалады.
– Осы спектакльден мен қатты әсер алдым. Қазақ халқының бұрынғы тарихына үңілдік.
– Спектакльге дайындық өте қызу жүргені білініп тұр. Балалар сахнада өздерін жақсы ұстады.
Енді “Толағай” балалар театры алдағы уақытта Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арнап спектакль қоюды жоспарлап отыр.
Молдир Шаяхмет