Балалар

“Zhas Project” жобасының қатысушылары бас қосты

Бизнес ашу үшін миллион теңге! Жұмыссыз жүрген немесе табысы төмен жастарға мұндай мүмкіндік “Zhas Project” жобасы аясында жасалады. Былтыр оны сәтті пайдаланып, өз кәсіптерін ашқан жоба қатысушылары бүгін жастар форумында бас қосты.

“Zhas Project” – жұмыссыз отырған жастарды бизнес жүргізуге бейімдейтін бірегей жоба. Оны Білім және ғылым министрлігі дүниежүзілік банктің қолдауымен осымен 2-ші жыл жүзеге асырып келеді. Солтүстік Қазақстан – жобаға қатысатын 6 облыстың бірі. 2018 жылы 224 жерлес жас барлығы 67 бизнес-жоспарды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болған.

Азамат Шәймерденов – “Zhas Project” жобасының СҚО бойынша үйлестірушісі:

– Жалпы, жобаға қатысам дейтін әрбір жас азамат арнайы бизнес курстардан өтеді және оған шәкіртақы төленеді. Кейін ол жоба әзірлеп, конкурсқа қатысуы тиіс. Үздік бизнес-жоспарлардың авторларына 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Осылайша, біздің өңірге өткен жылы 100 млн теңгеден астам инвестиция құйылды.

Бүгін бір жылда атқарылған шаруаның нәтижесін шығарар күн. Сондықтан, солтүстікқазақстандық жастардың үздік жобалары арнайы көрмеге қойылған.

Саят Ермек – тілші:

– Негізі, назар аударуға тұрарлық, қызықты жобалар мұнда жетерлік. Мәселен, гимнастикалық костюмдер тігетін ателье, шиншилла фермасы, әсемдік салоны, футбол мектебі бар. Біріншіден бұл жобалардың барлығы үлкен бастапқы қаржы құюды қажет етпейді, ал екіншіден, әлеуметтік маңызы зор. Мысалы, мына үстелдегі нан, сүт және басқа да өнімдер қоғамның әлжуаз топтарына тегін таратылады.

“Zhas Project” арқылы бизнес жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грант ұтып алғандар алғашқы жарты жыл бойы шығарған өнімін аз қамтылғандарға тегін таратып, қызметтерін тегін көрсетеді. Бұл – жоба шарты. Мәселен, Аққайың ауданындағы Ленинское ауылының 4 тұрғыны 1 млн теңге қаражат алып, шағын тігін фабрикасын ашқан.

Қаламқас Дүйсенбаева – жоба қатысушысы, Аққайың ауданы:

– Ауылдағы жалғыз басты ата-аналарға, балалары тастап кеткен қарт кісілерге көмек көрсеттік. Киімдерін тегін жөндеп, төсек орынды тегін тараттық. Болашаққа жоспарымыз – осы істі әрі қарай алып кету.

Енді жас кәсіпкерлер өнімдерін сатылымға қоя алады. Олар төсек-орын, құрақ көрпеге сұраныс жоғары болады деген сенімде әрі алдағы уақытта қазақ нақышында көйлектер тігуді жоспарлап отыр. Жалпы, “Zhas Project” жобасы 2020 жылға жейін жалғаспақ. Бағдарлама аясында соңғы 2 жылда Қазақстан бойынша 8 жарым мыңнан астам бойжеткен мен бозбала кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Осылайша мыңнан астам бизнес-жоба сәтті жүзеге асырылыпты.

 

 

Саят Ермек