Туризм

Петропавлдан Мысыр еліне тура рейс ашылады

Пирамидалар еліне 5 жарым сағат ішінде жетуге мүмкіндік туып отыр. Үстіміздегі жылдың 8-ші маусымынан бастап Петропавл халықаралық әуежайынан Мысырға ұшақ қатынайтын болады. Рейс 10 күнде бір рет жүзеге асырылмақ.

2017 жылы Петропавл халықаралық әуежайы күрделі жаңғырту жұмыстарынан өтті. Енді нысан шетелге ұшатын әуе көліктерін қабылдауға техникалық тұрғыдан даяр. Сондықтан, мекеме директорының бастамасы бойынша алдағы уақытта Египетке тұрақты рейс жасалатын болады. Бұл жергілікті әуежай мен турагенттіктер үшін өте тиімді болмақ.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Қазіргі кезде ресейліктер өз елдерінен Мысыр курорттарына чартерлік әуе тасымалы арқылы бара алмайды. Сондықтан, біз 3 бірдей облысымен шекаралас болғандықтан, осындай бастаманы қолға алдық. Әуе компаниялары және туроператорлармен 2 жылдай келіссөз жүргізілді.

Ұшаққа Петропавл әуежайынан мініп, тура 6 сағаттан соң Шарм-эль-Шейх курортында болу мүмкіндігі маусымның 8-і тумақ. Дәл осы күні таңертең Мысыр еліне теріскейден алғашқы рейс жасалады. 10 күнде бір рет адамдарды көптен күткен демалысына апаратын әуе көлігі 235 орынға шақталған. Оны толтыру проблема емес дейді мамандар. Алысқа ұзамай, солтүстікқазақстандардың өздерін алайық. Екі күн бұрын ғана белгілі болған жаңалықты естіген теріскейліктер жаз айларын қалай өткізетіндерін енді жақсы біледі. Бар-жоғы 24 сағат ішінде қалалық турагенттіктердің бірінен Египетке барамын деп, жолдама алған жанұялардың саны бүгінде үшеу екен. Алдағы уақытта олардың қатарына өзге де теріскейліктер мен ресейліктердің қосылатыны сөзсіз.

Наталья Хроменко – туристік агенттіктің директоры:

– Шарм-эль-Шейх курортына 10 күндік жолдаманың құны бір адамға шамамен 170 мыңға шығады. Бұл бағаға үш жұлдызды мейманхана, тамақ пен ұшу қарастырылған. Тұрғындардың талабы бойынша, қымбат қонақ үйге тоқталып, қосымша бағдарламаларды да қарастыруға болады. Оның құны, әрине, жоғарылау. Жалпы, бүгінде Мысыр еліне сұраныс жоғары. Себебі, мұнда жаз айы ыстық болғанымен, ауаның ылғалдылығы төмен. Оған қоса, Түркия елінің курорттарымен салыстырғанда жолдама бағасы төмен.

Әзірге, пирамидалар еліне баратын рейс тек жаз айларында жүзеге асырылады деп жоспарланған. Егер ұшақ әрдайым лық толы болып, сұраныс артса, оның Мысырға жыл 12 ай қатынауы қарастырылмақ.

Эльмира Садвокасова