Ғаламтор беттерін парақтап отырып, бірталай жұмыс тындыруға болады. Сауда-саттық жасап, қажет дүниеге тапсырыс беруге мүмкіншілік бар. Бірақ, қаншалықты ыңғайлы дегенмен мұндай жеңілдіктің соңы соқпақты болуы мүмкін. Өйткені, интернет-алаяқтары жай отырмайды.
Қаланың 2 тұрғыны OLX сайтына кіріп, жалдамалы пәтер іздеп табады. Үй иесімен хабарласқанда әйел адам бұл баспанаға үміткерлердің көп екенін айтып, авансты Qiwi-әмиянға салыңыздар деген. Ақшаны алып алған соң алаяқ байланысқа шықпай қойыпты. Ал бұған дейін фотосы ватцаппен жіберілген жеке куәлік те оныкі емес. Осы сәтте алданғандарын түсінген жапа шегушілер полицияға жүгінген.
Виталий Подчернин – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
– Жедел-іздестіру шаралары барысында еш жерде жұмыс істемейтін Павлодар қаласының тұрғыны ұсталды. Ол OLX хабарландырулар сайтында алаяқтықпен айналысқан. Бүгінде ҚР ҚК 190-шы бап – «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қолған түскен 24 жастағы қыздың тағы 2 алаяқтық оқиғаға қатысы бары анықталды. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жедел уәкілдердің айтуынша, алаяқтық жасау схемасының көптеген түрлері бар. Кәнігі ұрылар кәдімгі психологиялық айла-амалдарды қолданады. Мәселен, нарықтағыдан төмен баға ұсынады, адамға таразылауға мұрша бермей, шұғыл шешім қабылдауға итермелейтін себеп-салдар ойлап табады екен. Тәртіп сақшылары тым төмен баға мен оңай олжаға кенелу сияқты дүниелерге қызықпау керек дейді. Сонда алданбайсыз.
Данияр Ғалиақпаров – Петропавл қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:
– Спорттық сайыстарға болжам жасау жарнамаларына да көңіл аудармаңыз. Алаяқтардың айтуы бойынша олар кез келген спорттық сайысқа болжам жасай аламыз деп сендіреді. Алайда, ақшаны алған соң логиндерін өшіріп, жасырынады.
Әдетте, алаяқтар карта нөмірін және SMS-хабарламамен келетін 4 саннан тұратын кодты қолға түсіруге тырысады екен. Сол арқылы олар есепшоттағы жинақтарға қол жеткізеді. Полиция қызметкерлері жеке құжаттар мен банк карталарының фотосын ешкімге жібермеу қажеттігін ескертеді.
Данаш Хамзина