Бизнес және экономика

Жұмысын тоқтатқан Астана банкінің салымшыларына шоттағы қаржыларын Еуразиялық банк өтейді

Осыдан 2 ай бұрын жұмысын тоқтатқан Астана банкінің салымшыларына есепшотта қалған ақшаларын Еуразиялық банк өтейтін болады. Қаржы институты қаңтардың 26-сынан бастап 6 ай бойы тұрғындарға өтемақы төлеу жұмыстарын жүргізеді. Қазірдің өзінде ел бойынша салымшылардан 10 мыңнан астам өтініш келіп түскен екен. Соның ішінде солтүстікқазақстандықтардан жолданған арыз саны әзірге 20-ға жуықтайды.

Астана банкі нарықта 10 жыл көлемінде жұмыс істеген. Алайда, қаржы институты тиісті ережелерді дұрыс орындамағандықтан, осыдан 2 ай бұрын өз қызметін тоқтатты. Аталған банкке 275 мыңнан аса адам қаржысын сеніп салған екен. Олардың 2200-і – өңір тұрғындары. Бүгінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төлемдерді жүзеге асыратын банк-агентті таңдап, 37 жарым млрд теңге бөліп отыр.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Қазақстандықтардың салымдарын қор Еуразиялық банк арқылы өтейтін болады. Өтініш қабылдау және өтемақы төлеу қаңтардың 26-сынан шілденің 26-сына дейін, 6 ай бойы жүргізіледі. Төлем тек ұлттық валютада ғана беріледі. Шетел валютасындағы депозиттер Ұлттық Банктің 9-шы қаңтардағы бағамы бойынша теңгемен аударылады. Яғни, доллар – 373,66, евро – 427,80, ал рубль – 5,57 теңге. Жалпы, кез келген салымшы өтемақы төлеуге өтінішін Еуразиялық банктің барлық филиалдары мен бөлімшелерінде бере алады.

Бүгінде Еуразиялық банктің ел бойынша 17 филиалы мен 126 бөлімшесі бар. Бұдан бөлек, төлемдерді өтеу бойынша ірі қалаларда тағы арнайы 7 орталық ашылып, қосымша қызметкерлер жұмысқа алынған. Заңға сәйкес салымшылар жылдар бойы жинақтаған ақшаларын бірнеше әдіс арқылы ала алады. Яғни, жеке тұлғаларға жинақтары қолма-қол беріледі. Сондай-ақ, олар осы банктен немесе кез келген екінші деңгейлі банктен есепшот ашып, ақшасын соған аударуға құқылы. Ол үшін салымшылар өтініш білдіріп, өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары болу керек.

Бірлан Мықтыбаев – “Еуразиялық банк” АҚ Петропавл қаласы филиалының директоры:

– Еуразиялық банк салымшыларға төлемдерін қайтаруға толығымен дайын. Өтеу сомалары “Астана Банкі” акционерлік қоғамының тарату комиссиясымен белгіленіп, кепілдендіру қорымен келісіп тағайындалды. Кепілдік берілген депозиттік қаражат көлемі 10 млн теңгені құрайды. Шетелдік валютада түріндегі жинақтарға – 5 млн теңге, ал аралас валюта бойынша кепілді өтеу 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

Жалпы, жинақтарын тез арада алғысы келетін салымшылар үшін банк филалдары мен бөлімшелері қаңтардың 26-сы таңғы сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін, қаңтардың 27-сі кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Ал 28-ші қаңтардан бастап банк қалыпты режимде қабылдайды. Өтініш түскеннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қаралады.

 

Молдир Шаяхмет