Бүгін елорда төрінде Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты айдар таққан ауқымды форумға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жиында Президент Қазақстанның болашағы осы күнгі ұл-қыздардың қолында екендігін баса айтып, алдағы уақытта кейінгі толқын өкілдеріне жасалатын жағдайларды баяндады. Шараны тікелей көрсетілімде солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер тамашалап, өздерінің ойларымен бөлісті.
Ауқымды форум Астананың қақ төріндегі “Нұр әлем” павильонында өтіп жатыр. Жиында сөз кезегі ең алдымен талапты да талантты жастарға берілді. Олар өздерін таныстырып, айналысып жүрген істерін әңгімеледі. Ортаға шыққандардың арасында атыраулық жас кәсіпкер Тамила Розметова да болды. Азаматша басқаратын шаруашылық мыңнан аса ешкі сауып, сүттен 15 түрлі өнім шығарады. Оған қоса алма өсіреді. Алдағы уақытта отандасымыз жеміс көшеттерін елорда аумағында да екпек ниетте.
Тамила Розметова – кәсіпкер, Атырау облысы:
– Біз осы көктемде Астанада алмағы бағын ашқымыз келеді. Ол жерге жемістің 4 түрлі сұрпын екпекшіміз. Мұндай өнім түрі аязға да, желге де шыдас береді. Тамшылатып суару әдісін қолданатын боламыз. Осы сәтті пайдалана отыра сізден елорда аумағынан жер беруіңізді сұраймын.
Елбасы кәсіпкердің бастамасын қолдап, шаһар басшысына алма бағы орналасатын жерді анықтауды тапсырды. Бұдан соң да 10-нан астам жасқа сөз беріліп, өздерінің қолға алған істері мен белгілеген жоспарларын баян етті. Олардың бірі IT саланы дамытуды қаласа, екіншісі түрлі жоба ұйымдастырып қыз-жігіттерді еңбекпен қамтуға ниетті. Ал Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан тарихи отанына оралып, Алаштың атын әлемге асқақтатқан Айшолпан Нұрғайыпқызының арманы асқақ. Бүркітші қыз келешекте салт-дәстүрімізді дәріптеуді жалғастыра бермек ниетте.
Айшолпан Нұрғайыпқызы – бүркітші:
– Осы Астанада және басқа қалалар да қазақтың сал-дәстүрін оқып үйрететін орталықтар, әсіресе соның ішінде бүркітшілер мектебі ашылса деген арманым бар.
Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бүгінгі жетістігі білімді де, білікті жастар екендігін айтты. Сол себепті, биылғы жылды кейінгі толқын өкілдеріне арнапты. Енді, ұл-қыздар ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетімізді дамыту керек. Ол үшін таудай талапты қыз-жігіттерге бар жағдай жасалмақ. Біріншіден, Астана, Алматы, Шымкент қаласындағы жұмысшы жастарға жыл сайын кемінде арендалық 1000 пәтерден беріледі. Тағы, кәсіпкерлердің қатарын көбейту көзделіп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шағын несие берудің және оқытудың тәжірибесі негізінде барлық өңірде “Жас кәсіпкер” бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың санын 100 мыңға жеткізген жөн. Ол қолдан келетін нәрсе. Үкіметке 2020 деген жол картасы аясында сол жас кәсіпкерлер үшін қаржы көлемін 2 есеге арттыруды тапсырамын. Осыны жасайтын болсақ соңғы 3 жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығатын болады.
Елбасы білім саласын да назардан тыс қалдырмады. Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылға дейін Қазақстанның оқу ошақтарына жатақханалар салынып, қосымша 70 мың орын пайда болатындығын жеткізді. Бұдан бөлек, түрлі белсенді іс-шараларға ат салысып, еріктілік қызмет атқаратын студенттердің шәкіртақысы 30 проценте өспек. Бұл жаңалықты жергілікті жастар қуана қабылдады.
Әлфараби Мыңбай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Стипендияны 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Оған өте қуаныштымын. Себебі, мұның арқасында қаржылық жағдайынды жақсартасын, әрі адамдарға көмектесесін.
Анархан Сохибова – Петропавл қаласындағы Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:
– Мен болашақ студентпін. Хирург дәрігер болғым келеді. Елбасының грант бөлу, жатахана ашуға қатысты айтқаны көңілімнен шықты. Бұл жастарға жасалған үлкен мүмкіндік.
Жас өнертапқыштарға да зор қолдау танытылатын болады.
Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:
– Поручаю Правительству увеличить грантовое финансирование документальных и прикладных исследований молодых ученых на 3 млрд тенге ежегодно. Сегодня настало время сделать науку и образование доступным для всей желающей молодежи. Ученые, педагоги считают, что школьники должны развивать 4К: критическое мышление, коммуникацию, калаборацию и креативность.
Жиында айтылған дүние бұл ғана емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке “Жас маман” бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жаңашылдық арқылы 3 жылдың ішінде еліміздің 200 мың ұл-қызын 100 жаңа мамандыққа бейімдемек. Тағы, Президент жиналғандарға “Жасыл қала. Жасыл ауыл” жобасын ұсынды. Оның аясында жастар құрылысқа көптеп тартылып, елді көркейтуге үлес қоспақ.
Култанов Байболат