Қоғам

Петропавлда алабай тұқымдас ит қожайынын қауып алды

Петропавлда алабай тұқымдас төбет қожайынын қауып алды. Иті бірнеше жерден тістелеп тасқан 67 жастағы ер адам қазір 3-ші қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Оқиға қаңтардың 21-і таңғы сағат 9 кезінде болған. Әдетте қожайындары итін қаумалдан шығарып, аулаға босатып жіберіп жүрген екен. Сондай күндердің бірінде 67 жастағы нәзікжанды алабайды орнына кіргізе алмай қойыпты. Төбет оған көнбей, өзіне қарсы шабуылдапты. Бұл сәтте зайыбына көмекке келген ер адамды да төрт аяқты жануар тістеп алып, жібермеген. Әйелі жалма-жан үйге кіріп, бірден тәртіп сақшыларын шақырады. Ал көршілері полиция қызметкерлері келгенше дейін қоршаудың ар жағынан алдауға тырысқан.

Хабатай Жұмагужинов – жапа шегушінің көршісі:

-Ит қожайынының өзіне бас салды. Талап, денесін, тістеп, қарға құлаған. Ұлым забордан көрпе лақтырды, тоңып жатқан соң. Ит аулада бос жүрді. Бұрын мұндай мінез танытпайтын. Алабайды күшік кезінен алған. Шамамен 7 жаста болатын, денесі ірі.

Оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшылары табельдік қаруды қолданып, төбетке бірнеше рет оқ атқан. Алайда, төрт аяқты жануар бұған да көнбеген.

Азамат Келдіғұлов – Петропавл қалалық ПБ жол-патрульдік полиция батальонының командирі:

– Бізге бұл туралы хабар таңғы сағат 9:45 кеткенде келіп түсті. Бірден сол жерге аттандық. Келген бетте қызметкерлер иесін тістелеп жатқан итке табельдік қарудан бірнеше рет оқ атты. Бірақ, алабай одан сайын ызалана бастады. Кейін, ветеринарлық қызметтен келген мамандар оны улы оқпен атып өлтірді.

Қатты жарақат алған 67 жастағы үй иесі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Мейрам Оспанов – 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімінің дәрігері:

– Жағдайы нашар болған соң реанимацияға жатқызып, ем жасадық. 2-3 күннен соң травматология бөліміне ауыстырамыз. Қолында, аяғында, денесінде жаралары көп. Әйелінің жарақаттары қолында, саусағында және екі білегінде.

Кинологтар иттің мұндай агрессиялық әрекеті әр түрлі фактілерге байланысты болуы мүмкін дейді.

Самат Төлебаев – СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы:

– Алабай тұқымдас иттерді күшік кезінен тәрбиелеген жөн. Ол қожайынының одан күшті екенін сезу керек. Олай болмаған жағдайда төрт аяқты иесіне тап береді. Бұл оқиғада қожайындарының жас ерекшелігі де әсер етті деген болжам бар. Сондай-ақ, иттің агрессиялық әрекеті тұқымына да байланысты болады.

Сондықтан, мамандар итті күшік кезінен тәрбиелеп қана қоймай, тұқымы мен мінез-құлқы жайлы алдын ала біліп алған жөн дейді. Жалпы, өткен жылы облыс бойынша төрт аяқты жануарлардан – 181, ал биыл 12 адам зардап шеккен.

Мөлдір Шаяхмет