МТРА жаңалықтары

М.Жұмабаев ауданының әкімі халық алдындағы есеп беру кездесуін өткізді

Булаево қаласында қос бірдей мектепті қалыпқа келтіру керек. Біреуінің терезелері ескірсе, екіншісі 35 жылдан бері мүлдем жөндеу көрмепті. Аудандық орталық аурухананың техника паркі де жаңартуды қажет етеді.

Аудан басшысы болып жуырда тағайындалған Қайрат Омаров өзінің есептік кездесулеріне тиянақты дайындалған. Баяндамасында атқарылған жұмыстармен қатар кемшін кеткен тұстарды да айтып өтті. Айталық, аудандағы агроқұрылымдар мал басын арттыруға асықпайды. Тағы көпшілік жұрт мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, несие алып, ісін дамытуға құлықсыз көрінеді. Қайрат Омаров осы тұстарды түзетуге дайын екендігін жеткізді. Өткен жылы ауданда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бірқатар жолдар да жөндеу көріпті. Бұл мақсатқа жалпы 1,7 млрд теңге қаржы бағытталған екен.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

–  «Булаево-Советское» бағытындағы жолдың – 25, «Возвышенка-Золотая Нива- Молодогвардейское» бағытындағы аралықтың – 12, Қарақоға-Надежка жағындағы жолдың 3 шақырымы ресайклинг әдісі бойынша жөнделді. Тағы аудандық маңыздағы Молодежное ауылына кіре беріс жол мен Сарытомар ауылына апарар жол қалыпқа келтірілді.

Баяндама оқылып болған соң кезек тұрғындардың жазбаша өтініштеріне келіп жетті. Булаево қаласындағы 4-ші орта мектептің ұжымы білім ұясының терезелері ауыстырылса екен дейді. Олар оқу ошағының негізі қаланған 1964 жылдан бері жаңартылмапты.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Облыстық қазынадан бөлінген қаржының арқасында ағымдағы жылы аталмыш мектептің терезелері алмастырылады. Және білім ошағы жөндеу көрмек.

Булаево қаласының тұрғындарын жол мәселесі де мазалайды. Олар аудандық емханаға кіре беріс жол қашан жөнделеді деп сұрауда.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Булаево қаласы әкімінің есеп беру кездесуінде бұл сауал айтылған болатын. Сондықтан, бұл мәселе жайлы хабардармыз. Қар еріп, жол кепкесін ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Тағы ауылдағы ағайын елді мекендерде қаңғыбас иттер қаптап кеткендігін айтуда. Қайрат Омаров бұл мәселені бақылауға алатындығын жеткізді. Кейін залға жиылған тұрғындар аудан басшысына тікелей өз сұрақтарын қойды. Базынасын арқалап келгендер аз болмады. Солардың бірі – Булаево қаласындағы 2-ші орта мектептің кітапханашысы Галина Гусельникова.

Галина Гусельникова – Булаево №2 орта мектебінің кітапханашысы:

– Өткен жылы мектеп ғимаратының негізгі бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал қосымша нысан, кітапхана, спорт және акт залдары орналасқан бөлігі сол қалпында қалып қойды. Жөндеу шаралары жалғаса ма?

Шынымен де, мектептің бүгінгі жағдайы мүшкіл. Кітапхана, асхана, акт және спорт залдары сыз тартады. Күннің жылынғаны тіптен қиынға соққан екен. Қазір мұнда төбеден су тамшылап тұр. Кітапханадағы оқулықтар үнемі целлофанмен жабылып, көктем мен күз мезгілдерінде мүлдем басқа бөлмелерге көшіріледі екен. Жарық шамдары мұнда мүлдем алынып тасталған. Өйткені, су тигендіктен электр желілері істен шыққан. Акт залындағы қабырғалар аққан судан әлі кеппей тұр. Төбесін қанша сылағанымен үнемі жарылып кететін көрінеді. Бұл көрініс мектепте осымен 10 жыл бойы жалғасып келеді.

Лилия Черказьянова – Булаево №2 орта мектебінің директоры:

– Біздің акт залымыз қаладағы мектептердің ішіндегі ең үлкені. Сол себепті, іс- шаралар жиі өткізілетін. Ал қазір мынадай жағдайда бірдеме өткізу тіпті қиын. Күнде сылап, сырлап қоямыз. Бірақ, оның көмегі шамалы. Қабырға мен төбелері бәрібір жарылып кетеді. Біз электр сымдарының жиі тұйықталатындығынан қорқамыз. Оқыс оқиға орын алмаса екен деп күнде жанымызды шүбірекке түйіп отырамыз.

Бұл проблемадан аудан басшылығы хабардар. Мектепті жылы күндер тұрақтаған соң жөндейміз деп отыр. Бірақ, оқу ошағының ұжымы қалыпқа келтіру жұмыстарын қазір бастау керек дейді. Әйтпесе, үнемі судан көз ашпайтын ғимараттың төбесі бір күні ортаға опырылып түсуі мүмкін. Айта кетейік, білім ұясының негізі 1984 жылы қаланған екен. Ол содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Бүгіндері мектепте 307 бала оқиды.
Бұдан кейін аудандық орталық аурухана қызметкерлері де өздерін толғандырып жүрген мәселе жайлы айтты.

Гүлбану Сағандықова – М.Жұмабаев аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары :

– Аудандық орталық ауруханада 32 бірлік техника бар. Соның 27-сінің тозығы жеткен. Біз бүкіл аудан халқына – 30 мың тұрғынға қызмет көрсетеміз. Машиналар ескі болғандықтан кейде ауылдарға жету қиындық тудырады. Осы мәселені шешуге көмек көрсетсеңіздер деймін.

Қайрат Омаров – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

–  Біздер қаржы бөлінуі үшін тиісті құжатты облыстық мәслихаттың сессиясына жолдайтын боламыз. Егер депутаттар мақұлдаса, бұл мәселе шешімін таппақ.

Жиын соңында аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысқан өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров аймақ басшысының жүктеген тапсырмаларын жеткізді. Ең алдымен аудан шаруалары алдағы уақытта алқапқа тыңайтқыштар себу жұмыстарын қарқынды жүргізулері керек. Арамшөптермен күрес те уақытылы жасалуы тиіс. Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруға көңіл бөлген абзал. Тағы диқандар тек егін егіп қана қоймай мал басын да арттыруы қажет. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға құлықсыз көрінеді. Сол себепті, ауданда «Сыбаға» бағдарламасы жөнді орындалмапты. Тағы мұнда сүт тауарлы кешені мен мал сою қосыны жоқ. Қайрат Омаровқа осыны да реттеу қажеттігі тапсырылды. Ал аудан оқушылары ҰБТ тапсырудан көш соңында қалып қойған. Тағы бүгіндері ауданда дәрігер жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселелер де шешілуі керек.

Магжан Ахмадина