Қызылжар ауданының әкімі жұртшылық алдында есеп берді

Билік

19:08 18 Қаңтар 2019

Үстіміздегі жылы Қызылжар ауданының орталығы Бескөлде екі 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Бұл жайлы аудан әкімі Жанат Сәдуақасов халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Сондай-ақ, басшы жұртшылықтың базынасын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Қызылжар ауданының соңғы 12 айдағы тынысы қандай? Әкім креслосына өткен жылдың басында ғана отырған Жанат Сәдуақасов осы уақыт ішінде тындырған шаруасы жайлы айтуда. Сөзінше, халықтың тұрмыс сапасы артып келеді. Қазір аудан бойынша орташа жалақы 102 жарым мың теңге шамасында дейді. Бір жыл ішіндегі өсім 7,5 пайызды құраса керек.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Ауданның 2 мың 700 тұрғыны үшін ең төменгі жалақы мөлшері биыл 1,5 есеге өседі. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін оларды жұмыспен қамту мәселесін қолға алдық. Нәтижесінде 2018 жылы 1 мың 741 жұмыс орны ашылды, тағы 3 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Осылайша, Қызылжар ауданындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші 1,3 пайызға төмендеді.

Тағы, өткен жылы ауылдарды байланыстыратын жолдарды жөндеуге 35 млн теңге жұмсалған, 15 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріліпті және 13 елді мекенде жарық бағандары орнатылса керек.
Есептік кездесуге базынасын арқалап келген аудандықтар аз болмады. Әсіресе, жол жөндеу, абаттандыру мен жарықтандыру мәселесіне қатысты сұрақтар біраз қойылды. Баспанамен қамтуға қатысты да сауалдар жолданды.Татьяна Торгашева Петропавлдағы балалар үйінде тәрбиеленген. Ата-ана қамқорлығынсыз өскен бойжеткен қазір Бескөлдегі мектептердің бірінде ұстаз болып қызмет істейді. Бірақ, қызметтік баспананы паналауға мәжбүр.

Татьяна Торгашова – Бескөл орта мектеп-гимназиясының мұғалімі:

– Баспана кезегінде тұрғаныма 10 жыл болды. Осыдан бірер ай бұрын Бескөлде халықтың әлжуаз топтары үшін 30 пәтерлік үй қолданысқа берілген еді. Бірқатар құрбы-құрдастарым осы баспанадан пәтер алды. Әлеуметтік аз қамтылған жандар үшін мұндай үйлер тағы тұрғызыла ма?

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Қазір 2 бірдей 5 қабатты тұрғын үйдің жобаларын әзірлеп жатырмыз. Олар алдағы бірер жылда бой көтереді. Бір үй жеке инвестиция бойынша, ал екіншісі жалдамалы баспана ретінде мемлекет қаражатына салынады.

Зейнеткер Ермек Мұқанов жанұясымен Бескөлдің оңтүстік-шығыс ауданында тұрады. 4 баласы мен 8 немересінің басым бөлігі қалалықтар екен. Атасы мен әжесіне қонаққа келу үшін олар 101-ші автобуспен қатынайды. Ақсақалдың айтуынша қоғамдық көлік ол тұратын ауданға бармайтын көрінеді.

Ермек Мұқанов – Бескөл ауылының тұрғыны:

– 101-ші маршруттағы автобустар ылғи адамдарға лық толы, жолаушылар сыймайды. Сондай-ақ оңтүстік-шығыс Бескөл мен Есенин көшесі арқылы жүоретін жаңа маршрут ашып берсеңіздер жақсы болар еді .

Ақсақалдың шағымына Бескөл ауылдық округінің әкімі жауап қатты.

Ербол Багенов – Бескөл ауылдық округінің әкімі:

– Бұл сұрақ бақылауда. Қазір 101-дің бағытын “Мирас” балабақшасынан әрі ұзарту мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Схема құрып қойдық.

Қария Ермек Мұқанов тұратын ауданда балалар көп, ал мектептері алыста – трассаның арғы жағында орналасқан. Шынымен де, Бескөлдің оңтүстік-шығысында 6 жасқа дейінгі 320 бүлдіршін бар. Олар үшін алдағы бірер жылда мектеп салынады. Білім ошағы осыдан 2 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан ұшақтарға арналған мына маяктың орнында бой көтермек.

Саят Ермек

Бұдан әрі оқыңыз