Әр түрліЭнергетика

“Севказэнерго” компаниясы “Парыз 2018” сыйлығының лауреаты атанды

Қоршаған ортаға келтіретін залал көлемін азайту үшін “СЕВКАЗЭНЕРГО” акционерлік қоғамы жылына шамамен 800 млн теңге жұмсайды екен. Экологияны сақтауға қосқан сүбелі үлесі үшін компания “Парыз-2018” байқауында топ жарды. Жыл сайын аталған сыйлық әлеумет алдындағы жауапкершілігі жоғары үздік отандық бизнес субъектілеріне беріледі. Байқаудың бұл жолғы марапаттау рәсімі Астанада желтоқсанның 11-і өткен болатын.

Бұл – “Парыз-2018” байқауының лауреаттарын марапаттау салтанатынан үзінді. Президент тағайындаған сыйлық әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары бизнес өкілдеріне беріледі. Соңғы байқауда 550-ге жуық отандық кәсіпорын бағын сынаған. Солтүстікқазақстандық “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ үздіктердің қатарынан көрінді. отыр.

Жергілікті компанияға “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымында бірде-бір отандық кәсіпорын тең келмеді. Шынымен де, жергілікті жұртшылыққа жарық пен жылу тарататын “СЕВКАЗЭНЕРГО” қоршаған ортаға келтіретін залал көлемін азайтып, зиянды қалдықтардан өңір экологиясын қорғау шараларына бір жылда шамамен 800 млн теңге құяды.

Анна Айтикеева – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

– Жылына кәсіпорын зиянды заттардың шамамен 30 мың тоннасын бөліп шығарады. Ал бізге берілген норма – 48 мың тонна. Яғни, бөлінген қомақты қаражат бостан-босқа кетіп жатқан жоқ. Біз табиғат ресурстарын пайдаланатын өңірдегі ең ірі компания болып табыламыз. Сол себепті, біздің ең алдымен халық, екіншіден мемлекет алдында бірқатар міндеттеріміз бар. Сол міндеттерді абыроймен атқаруға тырысудамыз. “Парыз” сыйлығы – бұған айқын дәлел.

Петропавлдағы екінші ЖЭО базасында 2015 жылдан бері экологиялық мониторинг зертханасы жұмыс істейді. Мұндағы мамандардың қызметі – сынақтар жүргізіп, зиянды заттардың ауаға, жерге және суға шамадан тыс шығарылмауын қадағалау.

Валентина Кротевич – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ экологиялық мониторинг зертханасының басшысы:

– Бізде сараптама жүргізетін арнайы бекеттер бар. Мұнда атмосфералық ауаның, судың және топырақтың сынамаларын алып, олардың құрамындағы зиянды қалдықтардың мөлшерін анықтаймыз. Егер ол рұқсат етілген мөлшерден артық болса, бірден қоршаған ортаны қорғау бөліміне хат жолданады. Мамандар кейін тиісті шаралар қолданады.

Тағы өткен жылы “СЕВКАЗЭНЕРГО” Петропавлға электр қуатын жіберетін құрылғылардың басым бөлігін жаңасына алмастырған. Олар енді маймен емес, газбен жұмыс істейді. Осылайша, монополист кәсіпорын майдың жерге ағып кету қаупін азайтқан. Бұл экологиялық таза өндіріске көшудегі маңызды қадамдардың тек бір парасы ғана. Бүгінде ЖЭО-дағы 12 қазандықтың барлығына титандық эмульгаторлар, яғни арнайы сүзгілер орнатылған. Олар қоршаған ортаны ластайтын күкірт, мазут шайыры мен күйе сынды қалдықтарды өзінде ұстап қалады. Нәтижесінде, қазір орталық мұржаларынан шығатын түтіннің көмірдей қара емес, ақшыл екендігін байқауға болады. Бұл атмосфераға таралатын зиянды заттардың көлемі минималды дегенді білдіреді.

Саят Ермек