Спорт

Өңір шаңғышылары арасында 3 күндік дүбірлі дода бастау алды

Өңір шаңғышылары арасында 3 күндік дүбірлі дода бастау алды. Жарысқа шаһар мен облыстағы 10 ауданның спортшылары қатысуда. 12-18 жас аралығындағы жеткіншектер 3 жас ерекшілігі бойынша бақтарын сынамақ.

Дүбірлі додаға жиылғандар қазір соңғы дайындықтарын пысықтауда. Жарыс басталмас бұрын денені жақсы қыздырып алып, демалып та үлгеру қажет екен. Облыс чемпионатына өңірдің мықты деген шаңғышылары жиылған. Олардың арасында фавориттер де аз емес. Барлығының көздегені біреу – жеңіс тұғырынан көріну. Себебі, үздік нәтижеге жеткен спортшылар Қазақстан Республикасы чемпионатына жолдама алмақ. Аймақтың намысын қорғап, өз өнерін ел деңгейінде көрсету мәртебесі өз дистанцияларында үздік атанғандарға ғана бұйыратын болады.

Серікбай Сүлейменов – Облыстық дене шынықтыру-спорттық орталығының сектор жетекшісі:

– Облыс чемпионаты жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл сайысқа өңірдің 10 ауданы мен Петропавл қаласынан 11 команда қатысып отыр. Жалпы, жарысқа 120-дан астам жеткіншек қатысуға ниет білдірді. Олар 3 күн бойы әр түрлі дистанцияларда бақтарын сынайтын болады. Жүлделі орын алған спортшылар – медальдармен, командалар кубокпен марапатталмақ.

12 жастағы Аружан Қайырлы жарысқа Ақжар ауданының үмітін арқалап келіпті. Шаңғышы бүгінде бірқатар аудандық және облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Ендігі мақсаты – ел чемпионатында бақ сынау.

Аружан Қайырлы – жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы:

– Менің шаңғымен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Бұл спорт маған ұнайды. Себебі, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанды жақсы көремін. Біз күн сайын сағат 3-тен 5-ке дейін шұғылданамыз.

Жарыс бастау алды. Бүгінгі қашықтық жігіттер үшін – 1200, ал қыздар үшін 800 метрді құрайды. Оны жылдам еңсергендер жартылай финалға өтеді. Сондықтан, жастар алдарына жан салмай, тырысуда. Алғашқылардың бірі болып бұл межені Алексей Чемезов 6 минут 59 секунд ішінде бағындырды. Бұл – мәреге жеткен жеткіншектердің орташа көрсеткіші.

Алексей Чемезов – жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

–  Трасса өте жақсы. Сол себепті, оны еш қиындықсыз еңсердім деуге болады. Оған қоса, ауа райы да аса кедергі келтірген жоқ. Негізі өзіме спринт жарысы жақын. Бірақ, ертеңге күнгі кезеңдерден де сүрінбей өтемін деген ойдамын.

Жалпы, облыс чемпионаты 3 күнге жалғаспақ.

Эльмира Садвокасова