Қоғам

Петропавлда ресейлік бас киімдер сатылуда

Сәнді, сапалы әрі қолжетімді. Петропавлда Ресейден жеткізілген “1000 бөрік” көрмесі өтіп жатыр. Мұнда түлкі, қоян, қаракүзен және ондатр терісінен тігілген тауарлардың мыңнан астам түрі ұсынылған. Ерекше дизайнмен жасалып, әшекей тастармен көмкерілген дүниелер талғамы биік тұтынушылардың көңілінен шығары анық.

Жоғары сапалы өнімдерді ұсынушы – “Мартэн” атты новосібірлік фабрика. Кәсіпорын бөрік тігумен 20 жылдан бері айналысады екен. Дизайні бірін-бірі қайталамайтын бас киімдердің барлығы өзіндік әдіспен және жаңа технологиялар бойынша әзірленген.

Жанна Фоменко – “1000 бөрік.РФ” көрмесінің жетекшісі, Новосібір қаласы, РФ:

– Көрмеде бөріктер мен құлақшындардың 1000-нан астам үлгісі ұсынылған. Барлығы “Мартэн” фабрикасында пішіліп, тігіледі. Дизайнерлеріміз бас киім үлгілерін сатып алушылардың талғамына қарай әр түрлі етіп безендіреді. Қазіргі таңда канадалық және сібір қаракүзені терісінен дайындалған өнімдерге сұраныс көп. Жалпы, ең арзан бас киімнің құны 10 мың болса, ең қымбаты бұлғын терісінен жасалған. Оның бағасы – 275 мың теңге.

– Қаракүзен, қоян, түлкі, жанат және ондатр. Мұнда аң терісінен тігілген және түрлі оюлармен безендірілген бөріктердің алуан түрлілігі сонша көздің жауын алады. Әсіресе, “пилотка” бас киімі соңғы уақытта жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Ең бастысы ол жылы әрі мамықтай жұмсақ.

Ерекше дизайнмен ойластырылған дүниенің құны 57 мың 500 теңгені құрайды. 10 мың теңге тұратындары – мутоннан тігілгендері, ал қаракүзен терісінен тігілген құлақшындардың бағасы – 29 мың теңге. Ал береттер жеңілдік бойынша 25 мыңнан сатылуда. Сондай-ақ, мұнда бас киім жиынтықтарын да кездестіруге болады. Мәселен, павлопосадтық “Морозко” өнімі бөрік, шарф және қолғаптан тұрады.

Жанна Фоменко – “1000 бөрік.РФ” көрмесінің жетекшісі, Новосібір қаласы, РФ:

– Жиынтықты сатып алсаңыз, қосымша басқа аксессуарлардың қажеті жоқ. Ол бойжеткендерге де, орта жастағы келіншектерге де жақсы жарасады. Барлық әшекей бұйымдары қолмен тігілген. Канадалық қаракүзен терісінен дайындалған бұл жиынтықтың құны – 96 мың 400, ал қолғапсызы 66 мың 700 теңге тұрады.

Валентина Величкина қаламызда ресейлік бас киімдердің көрмесі өтіп жатқанын естіп, бірден осында келуге асыққан. Қазір ол өзіне сұр түсті қаракүзен бөрігін қарап жатыр.

Валентина Величкина – қала тұрғыны:

– Бас киімдердің модельдері әр түрлі. Барлығы өте әдемі және бағалары да қымбат емес екен. Өзіме және қызыма сыйлыққа бөрік сатып алмақ ойым бар. Сондықтан, асықпай жүріп, өлшеп, керегін таңдап жүрмін.

Бұдан бөлек, көрмеден теріскейлік ер азаматтар да өздеріне қажетті сапалы бас киімді таба алады. Сапар Нұрмағамбетов зайыбына жаңа қаракүзен бөрігін сатып алса, өзіне теріден жасалған құлақшын таңдап жүр екен.

Сапар Нұрмағамбетов – қала тұрғыны:

– Малақайлардың барлығы жақсы. Арзан, тиімді бағамен сатып алуға болады екен.

Айта кеткен жөн, “1000 бөрік.РФ” көрмесінің өкілдері жерлестерімізге жаңажылдық тиімді ұсыныс жасап отыр. Өңір тұрғындарының теріден тігілген ескі бас киімдерін жаңасына ауыстырып алатын мүмкіндіктері бар. Ол үшін қосымша төлем жасап, құны 30 мың теңгеден жоғары тұратын бөрікті сатып алу қажет. Жалпы, ресейлік бас киімдердің сәнді үлгілерінің үш күндік көрмесі Сәтпаев көшесінде орналасқан қалалық мәдениет үйінде сағат таңғы 10-нан бастап кешкі жетіге дейін өтеді.

Молдир Шаяхмет