Құқық қорғау органдары

Облыстық Полиция департаменті өткен жылды қорытындылады

Облыс бойынша 2018 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың көрсеткіші 5,6 пайызға төмендеген. Оның ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі 11 пайызға кеміпті.

Жиында сөз алған Полиция Департаментінің бастығы Берік Біләлов ең алдымен облыстағы криминогендік жағдайға тоқталып өтті. Алдыңғы жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың көрсеткіші 5,6 пайызға азайған екен. Оның ішінде қоғамдық орындарда, көшелерде және кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс түрлері біршама төмендепті.

Берік Біләлов – СҚО ПД бастығы:

– Ең бастысы, қылмыстың кең таралған түрі, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі 11 пайызға кеміді. Ал қылмыстың жалпы ашылуы 70,1 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасының көрсеткіші 189-дан 180-ге дейін кеміді.

Берік Біләлов өткен жылды қорытындылап болған соң табысты еңбек еткен бірқатар тәртіп сақшыларына 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі медальдар табыс етті.

Сондай-ақ, жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша 3 ауданның полиция бөлімдері марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болды. 3-ші орын алған Шал ақын ауданының полиция бөліміне 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Қабидолла Нұрахметов – Шал ақын ауданы полиция бөлімінің бастығы:

– 2018 жылы Шал ақын ауданында 176 қылмыс тіркелді. Бұл 2017 жылға қарағанда 14 пайызға төмендеді. Біздің штатымызда 64 адам жұмыс істейді. 90 пайызы –офицерлер.

Жалпы, 2018 жыл Полиция Департаментінде кадр резерві жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай Тайынша, Есіл және Мамлют аудандарының полиция бөлімдері қызметте өздерін жақсы жағынан көрсеткен. 1-ші орынға ие болған Тайынша аудандық бөліміне қызметтік су жаңа “Лада Веста” көлігінің кілті табысталды.

Молдир Шаяхмет