Қоғам

Облыстық кітапхана 300-ден аса кітаппен толықты

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры сиясы кеппеген жаңа кітаптармен толықты. Жуырда ғана келіп түскен 300-ден астам туынды бүгін оқырман қауымға таныстырылды. Әдеби, тарихИ және бизнесті жүргізу, менеджмент, психология салаларына арналған құнды дүниелерді біз де көріп қайттық.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы жаңадан түскен туындыларды оқырманға тоқсанына бір рет таныстырып тұрады. Бүгін сондай шараның үстіміздегі жылдағы алғашқысы өтіп жатыр. Көпшілік назарына 300-ден аса еңбек ұсынылған. Олардың басым бөлігі мәдениет ошағына мемлекеттік тапсырыспен келсе, кейбірі сыйлыққа беріліпті.

Нәзира Ысқақова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒ кітапханасының кітапханашысы:

–  Көрмеде қызықты кітаптар толып жатыр. Соның ішінде – Қазақ хандығы мен Цинь патшалығы арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар жайлы еңбекті ерекше атап өтуге болады. Ондағы деректер Қытай мұрағатынан алынды.

Бұдан басқа да қызықты кітаптар баршылық. Сонын бірі – Қазақстан мен Корея мемлекеттері бірлесіп шығарған “Қазақ даласы әміршілерінің алтыны” деп аталады. Онда еліміздегі мәдени ескерткіштер жайлы жазылыпты. Тағы, көрмеден Мұстафа Шоқай шығармаларының 12 томдық жинағын да кездестіруге болады. Бұл туынды кітапханаға қайраткердің 130 жылдық мерейтойына орай сыйға беріліпті. Балаларға арналған базарлық та бар. Жануарлар жайлы деректер де жеткілікті.

–  Мынау кітап өзіме ұнады. Себебі, 2 мен 6 жас аралығындағы балаларға арналған кітаптың пайдасы зор.

– Маған иттер ұнайды. Олар жайлы кітапты көп оқимын. Бірақ, мынандай үлкен туындымен бұрын танысып көрмеппін. Енді, оны оқитын боламын.

Көрмеден болашақ мамандығына қатысты кітап тапқан жанды да кездестірдік. Енді, Данаш Жукенова “Менеджмент негіздері” атты туындыны оқып, білімін арттырмақ.

Данаш Жукенова – қала тұрғыны:

–  Мен болашақ менеджермін. Осы кітаптардың арасында өзімнің мамандығым жайлы кітап тауып алдым. Менеджмент негіздері деп аталатын еңбекте пайдалы ақпараттар бар.

Бұдан басқа көрмеде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған әдебиет, бизнесті жүргізу, психология салаларына арналған құнды дүниелер бар. Айта кетейік, жыл сайын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры 8-9 мың туындымен толығып отырады.

Байболат Бектемірұлы