Денсаулық сақтау

Күн сайын көру мүмкіндігін сыйлайды

Жанарынан айырылғандарға көру мүмкіндігін сыйлайды. Петропавлдағы «АЙНА-КӨЗ» көз орталығының құрылғанына биыл 20 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында мұндағы білімді де білікті мамандар мыңдаған адамға көмек көрсеткен. Жалпы, орталықта 100-ден астам қызмет түрі ұсынылады.

Міне, осылай «АЙНА-КӨЗ» көз орталығының қызметкерлері күніне ондаған қоңырау қабылдайды. Әр хабарласқан жанға ерекше ілтипатпен кеңес беріп, көмектесуге тырысады. 2 жылдан бері мекемеге келушілер бума-бума қағаз тасымайды. Өйткені, ем қабылдаушылардың барлық керекті құжаттары мұндағы арнайы электронды базада сақтаулы. Жеке куәлікті беріп, барлық ақпаратты алуға болады. 55 жастағы Әлия Бейсенбина орталыққа өткен жылдың тамыз айында жүгінген. Осыған дейін бірнеше клиникаларды аралаған нәзікжандының көз жанарын қайтармақ түгілі, ешкім дұрыс диагноз да қоя алмапты. Дертінің дауасын “АЙНА-КӨЗ” көз орталығының дәрігерлері тапқан.

Әлия Бейсенбина:

– Ештеме көрмедім. Қыз балам қолымнан ұстап жүретін. Врачтар ештеңе таба алмады. Омбының дәрігерлеріне көрін деді. Олардан да нәтиже болмады. Астанаға бар деді. Онда барғасын Петропавлда осы емхананың бар екендігін айтты. Осында келіп емделдім. Қазан айында бір көзіме, міне қаңтардың 14-і екінші көзіме ота жасалды. Қазір бәрін жақсы көріп тұрмын.

Мұндағы мамандар созылмалы катарактаның салдарынан көз жанарынан айырылған бірнеше адамға көмек көрсеткен. Сондықтан болар, орталықтың аты бүгіндері өңір тұрғындарына ғана емес, шетелдіктерге де жақсы таныс. Емдеу мекемесіне дертіне шипа іздеп науқастар Омбы қаласынан, Әзірбайжан мен Украинадан да келеді екен.

Людмила Нелюбина:

– 7 жылдан бері осы орталықта жылына екі рет ем қабылдаймын. Жуырда катарактаға ота жасалды. Мұндағы дәрігерлер өз ісінің шеберлері деп анық айта аламын. Өйткені, әр науқасқа ерекше қарайды.

Мына кабинетте дәрігерлер бірнеше аппараттың көмегімен көздің көру қабілетін анықтайды. Егер нашарласа, онда көзілдірік алуға кеңес береді. Ал көршілес бөлмеде науқастарды тәжірибелі маман Сергей Бородкин қабылдайды. Ол 10 жылдың ішінде 5 мыңнан астам ота жасаған.

Осы аппараттың көмегімен көздің ішінде пайда болған ісіктерді, алған жарақаттардан кейінгі өзгерістерді анықтауға болады. Жалпы, орталық дәрігерлері 100-ден астам қызмет түрін көрсетеді.

Любовь Леонтьева – «АЙНА-КӨЗ» көз орталығы» денсаулық сақтау мекемесінің бас дәрігері, құрылтайшысы:

– Орталық 1999 жылы наурыздың 26-сында құрылған. Биыл бізге 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде емханамыз кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында науқастарға тегін көмек көрсетіп келеді. Стационарда 25 адамға жатын орын бар. Ал күндізгі уақытта ем қабылдауға келетіндер үшін тағы 10 орын қарастырылған. Орталықта жылына 2-3 мың ота жасалады. Біздер үнемі жаңа құрылғылар алып отырамыз. Жуырда ғана заманауи тағы 10 шақты аппарат жеткізілді.

Емдеу мекемесінде 4 дәрігер мен 10 шақты мейірбике жұмыс жасайды. Олар үнемі біліктілігін арттырып, түрлі курстарға қатысады. Айта кетейік, “АЙНА-КӨЗ” көз орталығы 4-ші қалалық емханада орналасқан. Дәрігерлерге жазылу үшін 51-19-13 телефон нөміріне хабарласуға болады.

Магжан Ахмадина