Аптадағы маңызды жаңалықтар

Инвесторлар Петропавлда ауқымды жұмыс жүргізуге ниетті

Орталық Азиядағы инвестициялық құрылыс корпорациясы Солтүстік Қазақстанда ауқымды жұмыс жүргізуге ниетті. Нақтырақ айтатын болсақ, шетелдік мамандар қаламызда заманауи тұрғын үйлер мен аурухана тұрғызуға қызығушылық танытып отыр. Оған қоса тақтайдай тегіс жол да салмақшы. Бүгін әлемдегі іргелі компанияның басшысы Джан Гау Чин өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловпен кездесіп, жоспарымен бөлісті.

Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанда тұрғызылған ғимараттардың саны артты. Мәселен, былтыр өлкемізде көлемі шамамен 80 млрд теңгені құрайтын жұмыс атқарылыпты. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта одан әрі көбеймек. Себебі, іске инвесторларды көптеп тарту жоспарланып отыр. Мұны Орталық Азиядағы инвестициялық құрылыс корпорациясының президенті Джан Гау Чиннің қатысуымен өтіп отырған жиында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов айтты. Тағы, аймақ басшысы меймандарға елімізде іс бастаған жандарға мемлекет тарапынан қолдау танытылатындығын жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Біздің мемлекетімізде инвесторларға бірқатар жеңілдіктер бар. Бірінші кезекте кеден, салық шығындары мен инфрақұрылымға көмектесеміз. Яғни, мемлекет тарапынан инфрақұрылымды өзіміз тегін жасап бере аламыз.

Болашақта облыста көпсалалы аурухана салу жоспарланып отыр. Заманауи емдеу мекемесі 700 орынға шақталған. Жиын барысында дәл осы нысан қаржыландыруға болатын жоба ретінде шетелдік қалталы азаматтарға таныстырылды.

Дәуренбек Бейсенбаев, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Аурухананың жалпы аумағы 8 гектарды құрайды. Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйеніп тұрғызылатын емдеу мекемесінің жобалық-сметалық құжаттары әзір. Енді, мемлекеттік сараптама дайындалып жатыр. Нысанның маңында дәрігерлерге арналған 2 бірдей үй бой көтереді. Мұндай аурухана Қазақстанның өзге өңірлері мен Ресейдің шекаралас аймақтарында жоқ.

Қазіргі таңда солтүстікқазақстандық делегация Кореяда жүр. Олар денсаулық сақтау саласы қарқынды дамыған мемлекетте тәжірибе жинақтап, өзімізге әкелмек. Тағы, кездесуде меймандарға облыс орталығында тұрғын үйлер салу жобасы таныстырылды. Айта кететін бір жайт, мұндай ғимараттар Петропавлда бұрын-соңды тұрғызылмаған.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Горький көшесінің бойында коммерциялық тұрғын үй салу үшін бос жер бар. Ол аумақта қос бірдей 18 қабатты баспана тұрғызуға байқау жарияланды. Тағы, екі 9 қабатты ғимараттың құрылысы жайлы жобалық-сметалық құжат әзір. Бұдан бөлек, Чкалов көшесінде де үй салуға болады.

Негізі, Орталық Азиядағы инвестициялық құрылыс корпорациясы өңірімізде жұмыс істеуге ниетті. Олар бізге дейін Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне қыруар инвестиция құйыпты. Нәтижесінде аталған мемлекеттерде қуатты мұнай өңдеу зауытын салып, жарық жүйесін реттеген. Енді іскер жандар Ауғанстанда жол төсеп, Өзбекстанда цемент шығаратын өндіріс ошағын ашпақ. Ал бізде бұл азаматтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көпқабатты үйлер мен аурухана тұрғызуға қызығып отыр.

Джан Гау Чин – Орталық Азиядағы инвестициялық құрылыс корпорациясының президенті:

– Үйлерді 2 мен 5 жыл аралығында саламыз. Ал аурухананы 3 жылдың ішінде тұрғызып, халық игілігіне тапсырамыз. Жоба аясында жергілікті мамандар жұмысқа тартылады. Тек қызметкерлердің 10 пайызы ғана біздің адамдарды құрайды. Жалпы, кез келген көлемдегі қаржы құюға күшіміз жетеді. Мысалы, жоба құны 100 млн доллар болса, сонша ақшаны сіздерге әкелеміз. Бүгін осы өңірмен, адамдармен танысуға келдік. Келесі жолы толық командамен келіп, келісім жасаймыз деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, шетелдік қонақтар өңірімізде жол салуға да қызығушылық танытты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов келесі жылы теріскейде 700 шақырым трасса пайда болатындығын айтып, әріптестік орнатуға қарсы еместігін білдірді. Айта кеткен жөн, Орталық Азиядағы инвестициялық құрылыс корпорациясы әлемдегі үздік 500 ұйымның ішіне кіреді.

Байболат  Култанов