Жүргізушілерге сақтандыру полисін өзімен бірге алып жүру міндет емес

Темір тұлпар иелеріне құлаққағыс. Қаңтардың бірінен бастап жүргізушілерге сақтандыру полисін өзімен алып жүру міндетті емес. Тәртіп сақшылары бұл құжатты бірыңғай база арқылы тексереді. Ол үшін бар болғаны азаматтың жеке сәйкестендіру және көлігінің мемлекеттік нөмірі жеткілікті.

Жаңашылдықтың енгізілгеніне бар-жоғы екі аптадай уақыт өтті. Әзірге, тұрғындардың барлығы бірдей бұл өзгерістен құлағдар емес екен. Темір тұлпар иелері биылдан бастап сақтандыру полисін өздерімен бірге алмай жүруге құқылы. Бұрындары бұл – ережені бұзу болып есептелініп, тәртіп сақшылары тиісті хаттама толтыратын. Нәтижесінде адам 12 мың теңгесінен қағылатын еді. Ал қазір айыппұлдын салыну реті де, оның мөлшері де өзгеріп отыр.

Индира Ақпанбетова – СҚО ПД ӘПБ бөлім бастығының орынбасары:

–  Сонымен, жүргізушілерді қағаз сақтандыру полисі болмағаны үшін айыппұл қолданылмайды. Бірақ, шарт жасамағанда, баптың санкциясына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қолданылады.

Яғни, сақтандыру полисі мүлдем болмаса, жүргізу 25 мың 250 теңгені құрайтын айыппұл төлеуге міндеттеледі. Құжаттың бар-жоғын полиция қызметкерлері бірыңғай базаның көмегімен анықтауда. Ол үшін азаматтың жеке сәйкестендіру және машинаның мемлекеттік нөмірі қажет.

– Сақтандыру полисін қазір полицейлер талап етпейді. Барлығын база арқылы тексеруде. Бізге де ыңғайлы.

– Сақтандыру полисін ұмытып кететін кездерім болған. Сондықтан, орын алып жатқан өзгерістерге өте қуаныштымын.

Бүгінгі таңда облыс полицейлерінің қолданысында 65 планшет бар. Құрылғылардың 39-сы петропавлдық тәртіп сақшыларына тиесілі. Жақын арада олардың саны артпақ. Мамандардың қызметін тиімді ету үшін облыстық полиция департаменті биыл тағы 306 планшет сатып алуды көздеп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 55 млн теңге көлемінде қаражат бөлінеді деп жоспарланған.

Эльмира Садвокасова