МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Жамбыл ауданында есеп беру жиыны өтті

Жамбыл ауданындағы Благовещенка елді мекенінде қыста колонкалар қатып, су алу қиындайды екен. Бұл мәселені ауылдағы ағайын аудан жетекшісінің есеп беру жиынында көтерді. Сондай-ақ, тұрғындар тарифке қатысты да қордаланып қалған сұрақтарын қойды.

Ортаға жайғасқан қос әкімнің халық алдындағы есеп беру кездесуі әдеткі тәртіп бойынша басталды. Ең алдымен ауылдық атқамінер Тұрмыс Иманжанов өзіне қарасты 4 елді мекеннің жағдайын баяндады. Кейін сөз кезегі Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Нұркеновке берілді. Тындырылған істер аз емес. Биылғы жылға да жоспарланған жобалар баршылық.

Мұрат Нұркенов – Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

–  Биыл «Петровка-Жаңажол-Бауман» бағытындағы жолды жөндеуге 200 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Преснов топтық су құбырынан Казанка ауылына дейінгі құрылыс жұмыстары бастау алмақ. Және үстіміздегі жылы Пресновка елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.

Кейін есептік кездесулердің сценарийі бойынша жиылған тұрғындар өз өтініштерін айту керек болатын. Бірақ, мінберге жылы лебіз айту үшін шақырылған азаматтардың сөз сөйлеулерінен болар уақыт біразға созылды. Осыдан соң жамбылдықтардың сұрақ қоюға деген зауқы да соқпаған сияқты. Жазбаша бір де бір шағым түспеді. Ал залда отырғандар екі сауал қойды. Соның бірі қыстыгүні колонкалардың жиі қатып қалуына қатысты.

Людмила Костенко – Благовещенка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Қыста көретініміз осы. Су алатын колонкалар үнемі қатып қалады. Сосын ауылды кезіп, қатпаған колонканы іздеп жүргенің. Ақшаны уақытылы жинап алады. Сондықтан, дұрыс қызмет көрсетсе екен дейміз.

Мұрат Нұркенов – Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Колонкалардың қатып қалуының басты себебі, тиісті қысымның берілмеуі. Тағы су мұнарасы да стандартқа сай емес. Біз жазда резервуарды тазартқан болатынбыз. Бірақ, жаңа сорғыштарды орнатуға үлгермедік. Енді жұмысты күн жылынғасын тындырамыз.

Ал Благовещенка ауылының тұрғыны Марат Қожымұратов жарық пен жылу тарифтерін қарастыруды сұрайды.

Марат Қожымұратов – Благовещенка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Мен Благовещенкадағы 18 пәтерлі үй тұрғындарының аманатын арқалап келіп отырмын. Біздер жарық пен жылуға заңды тұлғалар сияқты төлейміз. Жарықтың бір килоВаты үшін 16-18 теңге төлесек, бір шаршы метр үшін жылуға 267 теңгеден береміз. Сонда айына жылуға – 16 мың, ал электр энергиясы үшін 10-15 мың теңге береміз.

Бұл сұраққа, әрине аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Нұркенов мардымды жауап бере алмады. Тек сұрақты тиісті ведомстволарға жолдайтынын жеткізді. Жалпы, аталмыш 18 пәтерлі баспана 10 жыл бұрын маскүнемдер мен нашақорларды еркінен тыс емдейтін мекеме қызметкерлеріне беріліпті. Бұрын үй – аудандық әкімдіктің, ал қазір толығымен жаңағы аталған емдеу орнының балансына өткен. Осыған қатысты мәселелер содан бері бастау алған көрінеді. 3 жылдан бері жарық пен жылуға өзге ауыл тұрғындарына қарағанда 63 пайызға көбірек төлеп келген тұрғындар алдағы уақытта мәселенің оң шешілетіндігіне сенімді.

Мағжан Ахмадина