Білім

Биылдан бастап елімізде ҰБТ 4 рет өткізіледі

Жоғарғы оқу орындарының ақылы бөліміне түсу үшін талапкерлер жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез келгеніне қатысып, шекті балл жинаса жеткілікті. Мұндай жаңашылдық биылдан бастап енгізіліп отыр.

Түлектердің алғашқы легі бүгін сынақ тапсыруда. Сөйтіп, қаңтар, наурыз, тамыз айларында тестке қатысатындар оған ақылы түрде барады. Ал мемлекеттік грантқа қол жеткізгісі келетін жастар сынақты міндетті түрде маусым айында тапсыруы тиіс. Ол тегін жүргізіледі. Айта кетейік, сынақ форматы еш өзгеріссіз қалады. Түлектер дәстүрлі түрде 3 міндетті және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.

Мария Исмагамбетова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

– ҰБТ түлектің таңдауы бойынша 3 тілдің бірінде өтеді. Максималды балл бұрынғыдай – 140. Биыл сынаққа 3 мың 317 солтүстікқазақстандық қатысады деп жоспарланған. Соның 1020-сы қаңтар айында өтетін тестілеуге қатысуға өтініш беріп отыр. Оның 402-сі – қазақ тілінде, 616-сы – орысша және 2-уі ағылшын тілінде тапсырмақшы. Өңіріміздің оқушылары алғашқы сынақты сенбі, яғни қаңтардың 19-ы күні тапсырады. Тестілеу М.Қозыбаев атындағы СҚМУ базасында және Айыртау, Ақжар, Жамбыл аудандарының орталығында жасақталған арнайы пункттерде жүргізіледі.

Мағжан Ахмадина