Қоғам

Қыста суға түсетін петропавлдықтардың саны артуда

Шымыр боламын деп қыста суға сүңгитін жерлестерімізге солтүстіктің сарышұнақ аязы кедергі емес. Жергілікті экстремалдар арнайы клуб та ұйымдастырған. Демалыс күндері олар Есіл өзенінің жағасына жиналып, денсаулықтарын жақсартады.

Қыстың қақ ортасы келіп жетсе де бір топ жерлесіміз Есіл өзенінде ойық жасауда. Бұл жандардың жастары да, кәсіптері де әр алуан, бірақ оларды біріктіретін бір ермек бар – бәрі сенбілік таңда мұздай суға шомылуды әдетке айналдырған.

Сәндібай Қарабай – петропавлдық “морждар” клубының белсенді мүшесі. Ол Есіл суына қыс басталғалы осымен 4-ші рет шомылып жатыр. Тепсе темір үзер жігіт тұмау, ангина сынды ауру-сырқауды ұмытқалы қай заман.

Сәндібай Қарабай – қала тұрғыны:

– Ең бірінші рет 2014 жылы ойыққа сүңгіген едім. Содан бері ауру-сырқау дегенді ұмыттым, бұдан ауырған емеспін, ауырды дегенді де естіген емеспін.

Иммунитетті жоғарылатады, төзімділікті тәрбиелейді, шымыр етеді. Аязда сұп-суық суға күмп етудің пайдасы мол, әрине. Бірақ, бұл экстремалды ермектің сырқат алып келуі де ғажап емес. Мұны болдырмас үшін бірнеше қарапайым қағидаларды сақтау шарт. Судан шыққан соң аяққа жүннен тоқылған шұлық киіп, денені орамалмен ысқылап, ыстық шай ішу қажет.

Саят Ермек – тілші:

– Қазір далада -20 градус, бірақ бұған қарамастан мен де нар тәуекел деп, суға шомылуды шештім. Ең алдымен суға түсер алдында қорқынышты жеңе білу қажет және суда 30 секундтан артық болуға болмайды. Себебі, денеңді салқындатып алуың мүмкін.

Мұздай суға өмірімде бірінші рет шомылған маған 30 секундтың өзі жеткілікті болса, тәжірибелі деген “морж”-дар минуттап жүзе алады. Тура Татьяна Семке сияқты. Бұл ретте 4 жылдық тәжірибесі бар келіншекке 150 метрді еңсеру түк емес.

Татьяна Семке:

– Өзіңді жақсы сезінесің. Бір рет шомылып көрген соң, тағы келе бергің келеді. Мен өзім Ресейдің Түмен қаласында тұрамын. Онда да морждар клубы бар. Петропавлда қонақтап жатқаныма бірнеше күн болып қалды. Мұнда да адамдардың шомылатынын естіп, шыдай алмай бүгін келдім.

Татьяна сынды шымырлар мұнда жететін. Петропавлдықтар Есіл жағасына отбасыларымен келеді. Құдды бір жазғы жағажай ма дерсің?! Қыста суға шомылуды құп көретін жерлестеріміздің саны апта сайын артуда. Қазір петропавлдық морждар клубына 100-ден астам қала тұрғыны мүшелік етеді екен.

Ерік Мағамбетов – петропавлдық морждар клубын ұйымдастырушы:

– Келер жылы клуб қатарындағы жерлестеріміздің санын мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қанша дегенмен, бұл бастама петропавлдықтар арасында тез танымалдылыққа ие болды. Суға бірінші рет шомылатын жандарға барынша көмектесеміз. Мұнда достық атмосфера орнаған.

Шынықсаң, шымыр боласың. Клуб мүшелерінің сөзінше, ауру-сырқау дегеннің не екенін ұмыту үшін аптасына кем дегенде бір рет мұздай суға шомылуды әдетке айналдыра білген жөн.

Саят Ермек