Спорт

Петропавлда волейболдан ел чемпионатының 2-ші туры өтіп жатыр

Кәсіпқой волейбол – Петропавлда. Кеше А.Винокуров атындағы спорт сарайында Ұлттық лига құрамалары арасындағы 27-ші ел біріншілігінің 2-ші туры басталды. Барлығы 5 турдан тұратын чемпионатқа кәсіпқой волейболшылардан құралған 8 құрама қатысады. Арасында теріскейлік “Есіл-СҚ” командасы да бар. Жарыстың алғашқы күні 4 кездесу өтті.

Ұтымды доп лақтыру, биік блоктар мен жойқын соққылар. Алаңда ойнап жатқан бұл жігіттердің бәрі – кәсіпқой волейболшылар және олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған. Шығыс Қазақстан өңірі, Алматы, Ақтау, Атырау, Тараз, Павлодар, Хромтау мен Петропавл. Ұлттық лигада барлығы 8 құрама ойнайды.

Ермек Сырлыбаев – ҚР волейбол федерациясының бас хатшысы, жарыстың бас төрешісі:

– Бұл – Қазақстандағы үлгілі, ең жақсы кәсіпқой клубтар. Олардың сапында ұлттық құрама мүшелері де ойнайды. Жалпы жарыста ойыншылардың дайындығын қарап жатырмыз. Ұлттық құрамамыз алда бірнеше халықаралық жарсытарға қатысады. Олар – Азия чемпионаты, Олимпиадаға іріктеу турнирі. Осы жарыстарға мұнда кандидаттарды қарап, іріктеп жатырмыз. Екі-үш жас жігіт бар.

Ұлттық лига құрамалары арасындағы 27-ші Қазақстан біріншілігінің 2-ші турын Петропавл қ абылдап отыр. Алғашқы жарыс күнінің алғашқы екі матчы тәмам: бұған дейін алматылық “Буревестник” хромтаулық “Казхром”-нан басым түссе, шығысқазақстандық “Алтай” Ақтаудың “Маңғыстау”-ына есе жіберді. Қазір көк формадағы павлодарлықтар былтырғы чемпион – “Атырау” құрамасына қарсы ойнауда. Бір матч 5 периодқа созылады. Жеңіске жету үшін құрамаға 3 периодта оза шабу шарт. Сәттілік күштілерге серік дейді. Бұл жолы “Атырау”-дың бағы шауып, қарсыласын 3:1 есебімен ойсыратты.

Айбат Неталин – “Атырау” құрамасының ойыншысы:

– Павлодар өте жақсы команда. Олармен кездескенде әрдайым тартысты, қиын ойын болады. Бірақ, бұған қарамастан 2019 жылдағы алғашқы жеңісімізге қол жеткіздік. Осылай жалғаса береді деген ойдамын. Маусымға қойып отырған жоспар ауқымды. Былтырғыдай чемпион атануды көздеп отырмыз.

Саят Ермек – тілші:

– Сәлден соң алғашқы жарыс күнінің соңғы кездесуі бастау алмақ. Бұл ойында петропавлдық “Есіл СҚ” клубы тараздықтарға қарсы ойнайды. Айтпақшы, “Тараз” құрамасы – турнирлік кестенің аралық көшбасшысы.

Ал біздің “Есіл СҚ” болса, әзірге 5-ші орынды қанағат етіп отыр. Бірақ, алда әлі 3 тур бар, сондықтан жағдайдың өзгеруі ғажап емес. Не де болса, өз алаңында петропавлдық волейболшылар көшбасшыдан басым түсті. Қос команда 5 периодтың барлығын ойнап, табан тірескен тартыста алаң иелері 3:2-мен тараздықтардан жеңісті жұлып алды. Жалпы, чемпионаттың 2-ші туры жексенбі, қаңтардың 13-іне дейін жалғаспақ. Барлық 5 турдан кейін плей офф сериясы басталмақ. Ол сәуір айына жоспарланған.

 

Саят Ермек