Жолдауда жүктелген міндеттер Солтүстік Қазақстан облысында сәтті жүзеге асуда. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының «Есіл су» филиалында еңбеккерлердің жалақысын шамамен 10-15% өсіру жоспарланып отыр. Осының арқасында мамандардың орташа айлық табысы 150 мың теңгенің үстінде болады.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының «Есіл су» филиалында 700-ден астам адам жұмыс істейді. Солардың қатарында Көпей Шаяхметова да бар. Мұнда нәзікжанды құрылысшы болып еңбек етеді. Нақтырақ айтсақ, азаматша 10 жылдан аса мекеменің нысандарын тұрғызып, ғимараттарды жөндеуге қатысып жүр. Осы үшін жерлесіміз лайықты жалақы алады екен.
Көпей Шаяхметова – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Есіл су» филиалының құрылысшысы:
– Жалақымыз онды. Аллаға шүкір дейміз. Әр жылдың басында жалақымызды 10-14 пайызға көтеріп отырады. Жылдың соңында 1 жарым айлық көлемінде сыйақы аламыз. Сондықтан, осы жұмыс өзіме ұнайды.
Статистикаға тоқталсақ, өткен жылдың басында ұйым қызметкерлерінің жалақысы 11,5 пайызға немесе 15 мың теңгеге өсіпті. Бұл жағымды үрдіс биыл да қайталанбақ. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы Елбасы Жолдауына сәйкес жұмысшылардың айлығын шамамен 10-15 процентке арттыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде жерлестеріміздің маңдай терімен табатын орташа табыстары 150 мың теңгеден асатын болады. Мұндай өзгеріс “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының жергілікті филиалының төрағасы Иван Кендюхтың көңілінен шығыпты.
Иван Кендюх – “Ауыл” ХДПП СҚО филиалының төрағасы:
– Мен осы жерде шамамен 15 жыл бұрын директордың орынбасары болып қызмет еттім. Сол кезеңдерде кейбір жұмысшылардың жалақысы 15-18 мың теңге болатын. Қазір жағдай мүлдем басқа. Бүгінгі күні мұндағы азаматтар жақсы еңбекақы алып отыр. Тағы айта кеткен жөн, былтыр «Есіл су» мамандардың табысы және жұмыс сапасы жөнінен «Қазсушар» кәсіпорнының еліміздегі 20 филиалы ішінде 1-орынға ие болды. Бұл – үлкен жетістік.
Сонымен қатар, «Қазсушар» кәсіпорнының «Есіл су» филиалының ұжымы Елбасының биылғы жыл – “Жастар жылы” деп жариялауына да ерекше мән беріп отыр. Осыған орай мекеме қатарға білікті ұл-қыздарды көптеп қосуды жоспарлап қойыпты.
Култанов Байболат