Денсаулық сақтау

2-ші қалалық емхананың акушерлік-гинекологиялық бөлімшесі мекен жайын ауыстырды

№2 қалалық емхананың акушерлік-гинекологиялық бөлімшесі басқа ғимаратқа көшті. Енді учаскелік гинекологтар пациенттерін Интернационал көшесі, 90 мекен жайында қабылдайтын болады. Бұл – облыстық тері-венерологиялық диспансерінің “А” корпусы. №2 қалалық емхананың бас дәрігері Жеңіс Әбілевтің сөзінше бұл -тұрғындардың ыңғайлылығы үшін жасалып жатқан шаруа.

Себебі, емхана ғимаратында бөлмелер аздық еткен көрінеді. Сондықтан, бұған дейін бірнеше маман пациенттерді бір кабинетте қабылдауға мәжбүр болыпты. Екі қабатты ғимаратта бұрын тері-венерологиялық диспансерінің әкімшілігі орналасып келген. 2018 жылдың соңында мұнда күрделі жөндеу жүргізіліпті.

Жеңіс Әбілев – №2 қалалық емхананың бас дәрігері:

-Мұнда 5 учаскелік акушер-гинеколог бөлек кабинеттерде қабылдау жүргізетін болады. Сондай-ақ, бөлімшеде дәріхана, дәрігерге дейінгі көмек пункті және емдеу кабинеті жарақталмақ. Нәзікжандылар мұнда консультативтік және дәрігерлік көмек ала алады. Сондай-ақ, ғимаратта акушерлік бейіндегі күндізгі стационар және ана мен бала кабинеті жұмыс істейді.

Саят Ермек