Спорт

Петропавлда қазақ күресінен ел чемпионаты өтуде

Петропавлда ерлер мен әйелдер арасында қазақ күресінен ел чемпионаты бастау алды. Дәстүрлі жарыс еліміздің барлық өңірлерінен келген 300 палуанның басын қосып отыр. Тартысты додада біздің өлкенің намысын 6 спортшы қорғамақ.

Биыл ерлер мен әйелдер арасында қазақ күресінен ел чемпионатын өткізу мәртебесі Қызылжар өлкесіне бұйырып отыр. Көпкүндік жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен кіл мықты палуандар жиналған. Байрақты бәсекеде белдесетіндерге сәттілік тілеген Айдарбек Сапаров, өлкеде қазақ күресін дамыту мықтап қолға алынғандығын жеткізді.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Әр ауданда тұрғындар үшін спорт кешендері салынып жатыр. Қалада да бар. Жуырда ғана теннис орталығын аштық. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мықты бапкерлер шақырып, қаржы бөліп, қолдау көрсетіп жатырмыз. Осының нәтижесін споршылар беріп те жатыр. Алда да қолдаймыз.

Чемпионатқа 17 құрамадан 300 палуан келген. Турнирде нәзікжандылар да, ерлер де 7 салмақ дәрежесінде тартысқа түседі. Күні кеше әйелдер белдесіп, сыннан сүрінбегендері ақтық сынға өткен. Ал бүгін білекті ерлер белдесуде.

Бағдәулет Сәбитов – ҚР қазақ күресі федерациясының бас хатшысы:

– Оның ішінде 50-і қыз балалар. Олардың аздығының негізгі себебі осы сәтте дзюдодан да жарыстар өтіп жатыр. Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Мұнда әлем чемпиондары, Азия ойындарының қатысушылары бар. 02-00Әлем барысы, еуразия барыс ыдеген турнирлерді өткіземіз. осының арқасында қазақ күресі қарқынды дамып жатыр.

Міне боз кілемге кезекті жұптар шықты. Мына бетте Астана мен Шымкент қалаларының палуандары белдесіп жатыр. Қызыл жейдедегі күнгейлік Нұрсұлтан Мыңғымов та елордалық Айбат Сейтен де алғашқы 2 минутта бір-бірін барлап, әдіс жасауға батылдана қоймады. Тек соңғы сәтте көк көйлекті астаналық спортшы жамбасқа салып, жартылай жеңіспен қарсыласын қапыда қалдырды.

Айбат Сейтен – палуан, Астана қаласы:

– Бір емес, бірнеше рет кездескен палуан. Басында жартылай әдіске түсіріп алдым да, сол әдіспен жеңіп кеттім. 10 жылдан астам қазақ күресімен айналысамын. Қазақ күресінен Азия чемпионымын. 01-00Ақтық кездесуде Ақтөбенің спортшысымен кездесемін.

Өзге 2 кілемде де шымыр жігіттер ақтық кезеңге өту үшін аянып қалған жоқ. Өстіп 4 күндік чемпионатта жауырыны жер иіскемеген әр салмақтағы дарабоздар, келер жылғы әлем чемпионатында белдесуге жолдама алады.

Бахыт Садвокасов