Білім

“Педагогикалық идеялар панорамасы” конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін маусым айында бастау алған Республикалық “Педагогикалық идеялар панорамасы” конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Байқауға 5 айдың ішінде бейнесабақтарын 265 теріскейлік мұғалім жіберген. Үздік жобалардың авторлары жаңа оқушылар сарайының басты залында марапатталды.

Бірнеше күн бұрын мұнда Қазақстан мен Ресей басшылары жүздескен еді. Қазір бұл залда ұстаздар қауымы отыр. Мына педагогтардың барлығы “Өрлеу” ұлттық біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған “Педагогикалық идеялар панорамасы” байқауының өңірлік кезеңінде топ жарды. Конкурс маусым айында бастау алған.

Алмаз Тұрсынбаев – “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалының бөлім басшысы:

– Елбасы 10-қаңтардағы жолдауында орта мектеп пен колледж және ЖОО үздік оқытушыларының видео сабақтары мен дәрістерін интернетке орналастыру тапсырмасын берген еді. Байқаудың бастым ақсаты осы.

Оқыту процессінде жаңа, дәстүрден тыс технологиялар мен әдістерді қолданатын 265 теріскейлік ұстаз соңғы 5 айдың ішінде байқауға видеосабақтарын жіберген. Арасында балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлері, мектеп мұғалімдері. колледждер, тіпті университет оқытушылары бар. Сол 265 маманның ішінен 66-сы 22 аталым бойынша оза шауып, бүгін марапаттарын алды. Топ жарғандардың арасында Петропавлдағы “Батыр” балабақшасының әдіскері Ажар Темірболатова да бар.

Ажар Темірболатова – “Батыр” бөбекжай-бақшасының әдіскері:

– Бұл байқау педагогтарға тәжірибе алмасуға, коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыруға көмектеседі. Ата-аналармен дәстүрлі емес жұмыс түрлерін көрсеттік, Тренингтер, семинарлар, практикумдар, дискуссияларды бір видеоға жинадым.

66 жеңімпаздың видеосабақтары республикалық конкурсқа жіберілді. Оның нәтижесі тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Алматы қаласында жарияланады. Елбасының қаңтарлық жолдауын жүзеге асыру үшін “Өрлеу” орталығы ютюб видеохостингісінде өз арнасын ашқан. Үздік видеороликтер сол арнада да жарияланбақ.

Саят Ермек