Құқық қорғау органдары

Облыста алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға қатысты 9 факті тіркелген

Петропавлда алкоголь және темекі өнімдерінің заңсыз саудасын қыздырған “кәсіпқой” нәзікжанды ұсталды. Еш жерде есепке алынбаған тауарды күдікті гаражда сақтап келген. Пысықайды көршілері ұстап берді. Жалпы жыл басынан облыс аумағында “Көршілер бақылауы” бағдарламасының көмегімен алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға қатысты 9 факті тіркеліпті.

Петропавлдық кәсіпкер алкоголь және темекі өнімдерін өзінің гаражында сақтаған. Еш жерде есепке алынбаған ішімдікті ол пластикалық бөтелкелерде саудалап келіпті. Ал бұл санитарлық нормаларға сай келмейді. Тексерушілер кезекті тауарды тапсырып жатқан жүргізушінің үстінен түскен.

Тәртіп сақшылары нәзікжандыдан 1 тоннадан астам сыра, 368 литр спирт, және акциздік маркалары жоқ 200-ден астам темекі блоктарын тәркілеп алды. Тауардың жалпы құны шамамен 800 мың теңгені құрайды.

Даурен Рамазанов – СҚО ПД ұйымдастырылған қылмыспен күрес бойынша басқарма бөлімі бастығы:

– Жедел іздеу шараларының нәтижесінде Петропавл қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау фактісі анықталды. Осы іске байланысты әкімшілік материал жиналып, Мемлекеттік кірістер Департаментіне жіберілді.

Енді контрафактілік темекіні сақтаған әйелдің әрекетін салық мамандары қарастырса, алкольдік өнімдерге қатысты іс сотқа жіберілмек. Жалпы, жыл басынан “Көршілер бақылауы” бағдарламасының аясында алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға қатысты 9 факті анықталған.

Молдир Шаяхмет