Петропавлда мектеп оқушыларының “Мұздағы қауіпсіздік” көңілді эстафетасы өтті. Шараға 5-ші, 6-шы сынып оқушылары қатысып, жарыс тапсырмаларын жылдамдыққа орындады. Сайыста балғындар физикалық дайындықтарын сынап қана қоймай, мұз бетіндегі сақтық амалдарын да меңгерді.
Алдымен бір қатарға тізілген ұл-қыздар кезекпен өздерін таныстырып шықты. Кейін төрешінің нұсқауын алып, спорттық эстафетаны бағындыруға кірісіп кетті. Әр команда мүшесіне жүктелген міндет салмақты. Бірі мұз үстінде бауырмен сырғанаса, келесілері құтқару құралын суда батып бара жатқан адамға лақтырады. Бұдан соң, зардап шегушіні қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Қазақ мектеп гимназиясының “құтқарушылар” командасы, бұл тапсырманы қарсыластарынан қарағанда сапалы әрі жылдам орындай алды.
Нұрдәулет Түкенов – “Құтқарушылар” құрамасының капитаны:
– Біз мұзда қалған адамды құтқарамыз. Алғашқы көмек береміз. Сосын жылы киім әпереміз. Біз осы тапсырманы 2 минут ішінде орындап шықтық. Жеңу үшін мүмкіндігіміз бар. Сондықтан біз жеңеміз.
Мұнымен жарыс бітпеді. Енді командалар арқан тартудан бақтарын сынауда. Мұнда білекті оқушылар өз мықтылықтарын көрсетті. ТЖБ мамандары “Мұздағы қауіпсіздік” акциясын жыл сайын ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Биыл шараға шаһардағы мектептердің 5-6 сынып оқушыларынан құралған 9 құрама қатысуға өтініш білдіріпті.
Дмитрий Растихин – Петропавл қалалық ТЖБ бастығы:
– Акция қатысушыларына берілген тапсырма күрделі емес. Шапшаң қимылдап, жаттығуды ескертусіз орындағандары алға суырылып шығады. Жалпы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері судағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше мән береді. Өйткені кей балғындар қыс кезінде өздерін мұзда ұстау ережелерін білмей жатады. Ал олар қауіп төнгенде аса маңызды.
Жарыс соңында жүлделі 3-тіктен көрінген мектеп командалары жейде, кружкалар және компьютер жабдықтарымен марапатталды.
Бахыт Садвокасов