Мәдениет

“Мәңгілік” би ансамблі “Шабыт” фестивалінен жүлделі оралды

“Ел іші – өнер кеніші”. Солтүстікқазақстандық «Мәңгілік» би ансамблі 21-ші халықаралық Шабыт жастар фестивалінде бірінші орынға қол жеткізді. Биыл дәстүрлі байқау қарашаның 5-і мен 9-ы аралығында ұйымдастырылған болатын. Онда өнер ұжымы хореография номинациясы бойынша өнерлерін ортаға салып, 24 топтың арасында үздік атанды.

Жергілікті «Мәңгілік» би ансамблі өткен жылдың күзінде құрылған. Негізі қаланғаннан күнінен бастап, шығармашылық ұжымның өнерпаздары еліміз бен шет мемлекеттерде ұйымдастырылатын әр шығармашылық байқауға тартынбай қатысып келеді. Ал қарашаның 5-і мен 9-ы аралығында топ мүшелері «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде бақтарын сынауға бел буған. 2 кезеңнен тұратын маңызды шарада теріскейлік ансамбль жоғары деңгейде өнер көрсете алды.

Михаил Лахтин – ҚР Мәдениет қайраткері, «Мәңгілік» би ансамблінің жетекшісі:

– Елордада өткен жастар фестивалінде республика өңірлерінен жалпы саны 26 ұжым қатысты. Алғашқы турда біздің топ беларус халқының ұлттық биін билеп берді. Нәтижесінде 1-ші кезеңде 14 конкурсант қазылар алқасының сынына ілігіп, орта жолдан үйлеріне қайтты. Ал 2-ші турда би ансамбліміз орыс ұлтының «Сибирский сувенир» атты биін ұсынды.

Қазіргі таңда ұжымға 16-ы мен 18 жасқа дейінгі өнерлі 24 ұл-қыз жиналған. Бәрі сегіз-қырлы бір сырлы жандар. 17 жастағы Азамат Дүйшанбе ансамбльге келгелі бері, би билеу шеберлігін шыңдай түскен. Колледж студенті «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде бәсекелестіктің жоғары болғандығын айтады.

Азамат Дүйшанбе – «Мәңгілік» би ансамблінің мүшесі:

– Бізге өнер көрсетіп қазылар алқасын таң қалдыру оңайға соқпады. Жетекшіміздің арқасында осындай маңызды байқауда жеңіске жетіп отырмыз.

Ұжым жетекшісі Михаилл Лахтин би ансамблін кезекті бір шығармашылық байқауға дайындап, жүлделі орыннан көрінуге күш салмақ.

 

Бахыт Садвокасов