Қарашаның 15-інде ұлттық валютаға 25 жыл толмақ. Мерейлі датаға орай облысымыздың ұлттық банкі коллекциялық монеталардың көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерлер түрлі марапаттарға ие болды.
Бұл жерде ұлттық валютамыз теңгенің бірегей көрмесі ұйымдастырылған. Мұнда коллекциялық алтын, күміс тиындардың 300-ге жуық үлгісімен танысып, қызықтауға болады. Халық назарына ұсынылған отандық монеталардың кейбірі әлемдік байқауларда үздіктердің қатарына енген. Мәселен, көрмеге “Ғарыш” сериясындағы тиындар қойылыпты. Олар тантал металынан жасалғандықтан, сапасы өте жоғары. Бұл тиындардан біздің тарихымызды білуге болады. Оған қоса, көрмеге келушілер халықаралық наградалар мен сыйлықтарға ие болған банкноталар туралы да ақпараттар ала алды.
Жансұлу Бекенова- облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі:
– Валютаның мерейтойлық датасына орай монеталар көрмесі өтуде. Көрмеге келушілер халықаралық наградалар мен сыйлықтарға ие болған банкноталар жайлыа ақпараттар ала алады.
Қарашаның 15-і – қазақстандық теңгенің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толмақ. Осыған орай ұлттық банк филиалының басшылығы шағын концерт ұйымдастырып, қаржы саласының бірқатар қызметкелерін облыс әкімінің құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапаттады.
Қошеметке бөленгендердің бірі – Жанар Ысқақова. Биыл оның ұлттық банкте қызмет етіп жүргеніне 23 жыл толған. Еңбек жолын қатардағы кассирден бастаған қаржыгер бүгінде бір бөлімді басқарып отыр. Шара барысында нәзік жанды үздік қызметкер атанып, төс белгіге ие болды.
Жанар Ысқақова – Экономикалық талдау және статистика басқармасының бөлім басшысы:
– Біздің банкноттарамыздың қорғаныш сапасы жоғары. Оған қоса әлем бойынша өтетін түрлі конкурстарда әрқашан алдыңғы қатарлардан көрінеді. Барша қазақстандықтарды осы мерейлі датамен құттықтағым келеді. Теңгеміз өсе берсін.
Айта кеткен жөн, колекциялық тиындарды ұлттық банктің филалынан да сатып алуға болады. Олардың бірқатарының бағасы қолжетімді.
Ешкенова Дана