Қоғам

БАҚ өкілдеріне діни экстермизм мен терроризмнің алдын алу тактикасы түсіндірілді

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу мәселелерін баспа мен телевизияда қалай жариялау керек? Бүгін Петропавлда осы мәселе талқыланатын екі күндік семинар бастау алды. Ол жергілікті БАҚ қызметкерлеріне арналған.

Қазір 50-ден астам журналист, мемлекеттік мекемелердің өкілдері және интернет сайттар мен агенттіктердің редакторлары өздерінің діни және құқықтық сауаттылықтарын арттырып жатыр. Осы шарада тағы экстремизм профилактикасын жүргізу тактикасы мен мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеу тәсілдерін үйрену мүмкіндігі қарастырылған. Себебі, бұл тақырып турасында материал әзірлегенде БАҚ өкілдері көптеген қателіктерге бой алдырып жатады. Ал, бұл олқылықтың арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Десе де, қазір теріскейде діни экстремизм бойынша жағдай қалыпты. Соңғы бірнеше жылда экстремизмнің бір де бір фактісі анықталмаған. Шара СҚО прокуратурасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша ұйымдастырылып отыр.

Ерлан Нұрышкин – СҚО прокурорының көмекшісі:

– Бұл – діни экстермизм және терроризмнің алдын алудың 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отырған семинар. Оны өткізу үшін сырттан бірнеше сарапшыны шақырдық. Екі күнге жалғасатын шарада республикалық БАҚ өкілдері мен дін мәселелері жөніндегі орталық мамандары қатысушыларға дәріс оқитын болады.

Зарина Мәскеуқызы – “Казахстанская правда” газетінің шеф-редакторы:

– Терминологияны дұрыс пайдаланбайды. Мысалы “шаһид” деген сөзді астарын білмей қолдана береді. Екіншіден, оқырманды қызықтыру үшін айқайлап тұратын тақырып қояды, ал оның арты неге әкеп соқтыратынын ойламайды. Бұл қателіктің арты қарапайым наразылықтан үлкен конфликтке дейін апаруы мүмкін.

 

 

Саят Ермек