Барша жұртшылықтың назарын өзіне аудартқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы бастау алды. Оған 2 мың делегат пен 40 тан астам экспонент жиылған. Ауқымды шараға қатысушылар қос мемлекеттегі туризм саласын жетілдіру амалдарын талқылап, бірқатар әріптестік байланыстар орнатпақ.
Эльмира Сәдуақасова – тілші:
– Туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері. Теріскейліктердің асыға күткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы бастау алды. 2 мыңға жуық делегаттың басын қосқан жиынның екі елге де берері мол. Атап өту қажет, бұл шараға солтүстікқазақстандықтар шамамен екі жылдай дайындалған болатын.
Шынымен де, бұл теріскей төріндегі алғашқы халықаралық дәрежедегі ауқымды форум. Көтерілетін тақырып тек біреу ғана – ол екі ел арасындағы туризм. Алда бұл сала мемлекет экономикасындағы басты әлеуетті бағыттардың біріне айналуы тиіс. Ал, бірлесе атқарылған жұмыс, туризмнің өркендеуіне сүбелі үлес қоспақ.
Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:
– Біз үшін облымызда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру үлкен мәртебе. Әр өңірде туристердің тайдайын қақтыратын демалыс орандары бар. Теріскейде ол – Имантау-Шалқар мен Меңгесер зоналары. Соңғы көлдегі су құрамы Израильдегі Өлі теңіздегіге ұқсас келеді. Осындай тарихы, мәдениеті ерекше жерлерді бірге дамытамыз деген ойдамыз.
Қазіргі таңда туризм мемлекеттік ішкі жалпы өнімнің тек бір пайызын ғана құрайды. 2025 жылға дейін сала мамандары аталған көрсеткішті 8 процентке дейін жеткізуді көздеген. Аталған форум барысында екі жақ арасындағы атқарылатын ауқымды шаруа бұл межені орындауға сеп болмақ.
Арыстанбек Мұхамедиұлы – ҚР Мәдениет және спорт министрі:
– Бүгін қос мемлекет үшін өте маңызды шара өтіп жатыр. Қазақстан мен Ресейді тек 7 мыңға созылған ортақ шекара ғана байланыстырмайды. Екі елдің бірқатар салалардағы мықты әріптестік қатынастары бар. Бұл қатарға енді туризм де қосылмақ.
Туризм саласындағы жаңа әріптестікке Ресей жағы да мүдделі. Өйткені бұл қос тарапқа үшін де тиімді.
Олег Сафонов – РФ туризм бойынша федералдық агенттігінің жетекшісі:
– Туризм қай елде болмасын 50-ден астам саланың дамуын жетелейтін бағыт болып саналады. Сондықтан, оның стратегиялық маңызы зор. Осыған орай, қазіргі таңда Ресей мен Қазақстан арасындағы туризм бағытын жетілдіру үстіндеміз. Жыл сайын 3 млннан астам отандасымыз сіздердің республикаларыңызда демалуды жөн көреді. Дәл осыншама қазақстандық та, федерация аймағындағы курорттық зоналардың қызметін пайдаланады. Бұл көрсеткішті әрі қарай дамытуымыз қажет.
Жиынға Қазақстанның барлық өлкесі мен Ресейдің 11 өңірі қатысуда. Сондай-ақ, 10-нан астам туроператор, ұлттық компаниялар мен ұйымдар да өз әлеуеттерін көрсетуде. Бір сөзбен айтқанда, келушілер аз уақытқа болса да демалыс орындарына «бас сұғып», олардың ерекшеліктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Көпшіліктің назары ауасы таза, табиғаты сұлу СҚ облысының павильонында. Теріскей өңірі туризм саласын дамытуға ең қолайлы өлкелердің санатында. Қазіргі таңда облыста аталған бағытты өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Осыдан 10-20 жыл бұрын солтүстікқазақстандағы курорттық аймақтардың саны саусақпен санарлық болса, бүгінде кез келген жан өзіне ұнаған демалыс орнын таңдай алады.
Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы:
– Бүгінгі көрмеде теріскейдің мақтанышына айналған Шалқар мен Имантау туристік зонасын келушілердің назарына ұсынудамыз. Мұнда демалып қана қоймай, денсаулықты түзеуге де болады. Жалпы, бүгінде Шалқар маңында 24, ал Имантауда 9 курорттық зона бар.
Ал, мұндағы атмосфера мүлдем бөлек. Ямал-ненец автономдық округі павильонының босағасын аттаған сәттен бастап, Қазақстанның емес Ресейдің солтүстігінен бір-ақ шығасың. Бұл – цивилизация аяқ баспаған, табиғаты көз сүйсіндіретін көрші елдің ең ерекше өңірлерінің бірі. Мұнда тундрада тұрып, өзінің мәдениеті мен тарихын сақтап қалған халықпен жүздесу үшін келетін туристердің саны жылма-жыл артуда. Саяхаттаушылардың көпшілігі тамыздан бастап сәуір айына дейін жалғасатын «Солтүстік шұғыласы» көруге барады екен.
Наиль Хайруллин -Ямал-Ненец автономдық округінің туризм және жастар саясаты бойынша департаменті директорының орынбасары, РФ:
– Салехард – автономды округтың орталығы, қарапайым еуропалық үлгідегі шаһар. Алайда, қаладан бірнеше шақырым ұзай бастағанда, басқа әлемге тап боласың. Сондықтан, бізге келетін туристер моральды тұрғыда дайын болулары қажет. Барық қолайлы жағдайға үйреніп қалған олар, ай даладағы тундрада тұрады. Жалпы, біздің өңірімізде табиғаттағы өмірді цивилизацияға айырбастамаған 13 мыңдай жан бар.
Ал, Шығыс Қазақстанға жол тартамын десеңіз, гид іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Қасиетті жерлер туралы ақпарат пен олардың картасы бір мобильді қосымшаға жинақталған. «Тарихи жол» бағдарламасы биыл күзде іске қосылыпты. Мұнда енгізілген 62 нысанның басым бөлігі Шығыс Қазақстанда орналасса, бірқатары Жамбыл өңіріне тиесілі екен. Цифрландырылған ескерткіштермен QR кодтың көмегімен танысуға болады. Ерекшелігі сол – мағлұматты сізге «виртуалды» гид баяндайды.
Ерболат Қанатбек – «AV-SOFTWARE» ЖШС директор кеңесшісі, ШҚО:
– Қазақстандық және шетелдік азаматтар қосымшаны телефонға жүктеп алып, кейін интернетсіз керегінде қолдана алады. Сондай-ақ, қасиетті жерлерге өздеріне ыңғайлы бағытты құрастырып, бағдарламаның көмегімен жетуі мүмкіндігі қарастырылған.
Бар-жоғы екі айдың ішінде мұндай мүмкіндікті 1000-ға жуық отандасымыз бен туристер қолданыпты. Демалыс орындарымен танысамын деген теріскейліктер және облыс қонақтары үшін көрме дүйсенбіге дейін жұмыс істейді.
Эльмира Сәдуақасова