Көптен күткен ұлы той. Петропавлда қарашаның 8-і мен 9-ы күндері Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Кездесуде туризм саласының дамуы сөз болып, ондаған келісімдер мен меморандумдарға қол қойылмақ. Бүгіндері ауқымды жиынға соңғы әзірлік жұмыстары жүргізіліп, көрме қатысушылары өз павильондарын орнатып жатыр.
Дәл қазір Ресейдің Орынбор облысынан келген қонақтар маңызды шараға павильондарын әзірлеп жатыр. Олар көрмеге келушілерге Соль-Илецк қаласында орналасқан тұзды көлдері жайлы айтып бермек. Биыл әйгілі курорттық аймақта 2 млн-ға тарта турист демалған. Олардың бестен бірі – қазақстандықтар екен. Өйткені, аталмыш өңір еліміздің 3 өлкесімен шекаралас.
Наталья Струнцова – Орынбор облысының экономикалық даму министрінің бірінші орынбасары, РФ:
– Біздің көлдердегі судың химиялық құрамы Өлі теңіздегісіне қатты ұқсайды. Сондықтан келушілердің қатары қалың. Ресейдің курорттық аймақтары арасында біз үздік бестікке кіреміз. Демалушылар үшін бар жағдайлар жасалған, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Қонақ үйлер, аурухана және демалысты өткізуге қолайлы саябақтар бар.
Павильон маңына келгендер шағын бейнероликті тамашалап, емдік тұздан жасалған кәдесыйларды ұстап көре алады. Көрмеге олардың көршілері ақтөбеліктер де қатысуда. Отандастарымыз да өз шипажайларын жарнамалап жатыр. Жаздың басында ғана мұндағы Мәртөк ауылында пантымен емдеу орталығы ашылыпты.
Асмир Тілегенов – «Зәру» пантымен емдеу орталығының басқарушысы, Ақтөбе облысы:
– Біздің санаториіміз жайлы тек қазақстандықтар ғана емес өзге елдер де білсе екен дейміз. Өйткені, пантымен емдеу орталықтарының пайдасы зор. Ем алып, тынығып қайтуға барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Бұдан бөлек, бізде қарғайлы-қайыңды ормандар бар. Таза ауамен демалушылар сол жерге де көптеп келеді.
Ал мына жер – болашақ порталы, VR – аймақ пен тачпадтар орналасқан интерактивті мекен. Мұнда бір ғана қолдың қимылы Қазақстан мен Ресейдің туристік орындарын көз алдыңа әкеледі. Ал көрменің мына бөлігінде арнайы көзілдірік киіп, «Ұмай айналары» жайлы шағын ролик көруге болады. Заманауи гаджеттер мен технологияларды қалай қолдануды білмесеңіз, еріктілер көмекке келеді.
Әділ Қонысбай – ерікті:
– Келушілер арнайы орынға тұрып, виртуалды шынайылық көзілдірігін киеді. Кейін біздер оған арнайы белбеу тағамыз. Қолдау көрсетіп, инструктаж жүргіземіз. Адам бағытты өзі таңдайды. Биіктікке көтеріліп, құсша самғай алады. Бұл өте қызықты.
Форумның аясындағы көрме өз жұмысын қарашаның 8-і таңғы 9-да бастамақ. Оған Қазақстан мен Ресейден 40 экспонент қатысатын болады. Қазір меймандар соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Мағжан Ахмадина