Қоғам

Достық үйінде мерекелік концерт өтті

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына дейін санаулы күндер қалды. Қазір шаһарымызда ауқымды шараға орай түрлі көрме мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылуда.

Биыл Қазақстан мен Ресейдің арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 26 жыл толып отыр. Қазіргі таңда қос мемлекетті сенімді серіктес деп айтуға болады. Себебі, екі ел 7 мың шақырымға созылған шекараны ғана бөліспейді. Солтүстіктегі көршімізбен әуелден этникалық және экономикалық жағынан байланыс отнатқанбыз. Ал, қазіргі таңда арадағы қатынас одан әрі жандана түсті. Сондықтан, сахнада орындалып жатқан әрбір ән қос мемлекеттің достығын жырлауда.

Атаулы датаға орай өңіріміздің өнер ұжымдары шағын концерт әзірлепті. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жиылған шараға «Қазақстанның орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы мұрындық болған.

Николай Авдеев – «Қазақстанның орыс қауымдастығы» ҚБ СҚОФ төрағасы:

– Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас осыдан 26 жыл бұрын орнаған болатын. Бұл байланыс қарашаның 8-9 күндері өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумынан кейін одан бетер нығая түсетіні анық. Біздің қауымдастық аталған шаралардан шет қалмай солтүстікқазақстандықтардың басын қосып, олардың назарына осындай концерттік бағдарлама ұсынып отыр.

«Қазақстанның орыс қауымдастығы» облыстық филиалына бүгінде 700-ден астам теріскейлік мүшелік етеді екен.

Эльмира Садвокасова