Петропавл Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге сақадай сай отыр. Нақтырақ айтататын болсақ, бүгінгі күні Оқушылар сарайы, Теннис орталығы мен қонақ үйлер меймандарды қарсы алуға әзір.
15-ші өңіраралық форум қарсаңында қаламыз әжептәуір өзгерді. Мәселен, биыл шаһарішілік 17 шақырым жол жөнделді, көше бойларындағы жарық шамдары жаңасына алмастырылды. Оған қоса облыс орталығында құрылыс қызды.
Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Қазіргі таңда Жас Өркен ауданында көпөабатты үйлер салынып жатыр. Оның жанында жақында ғана көпфункцилоналды теннис орталығы ашылды. Оқушылар сарайы да жұмысын бастады. Аталған заманауи нысанда IT орталық қарастырылған. Алдағы уақытта туристік потенциалымызды арттыру бағытында еңбек етеміз. Ол жаңа инвесторларды тартуға мүмкіндік бермек.
Биыл тағы облыс орталығындағы үй аулалары да абаттандырылды. Мысалы жыл басынан бері 110 нысан маңы қалыпқа келтірілген. Яғни, ол жерлерге жаңадан асфальт төселді, балаларға арнап заманауи әткеншектер қойылды.
Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Дене шынықтыруды да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Халықты бұқаралық спортқа тарту мақсатында биыл шағын футбол алаңдарын 73-ке дейін жеткіздік. 36 көпфункциалды тренажерлар орнатылды. Мұның бәрі тұрғындардың игілігі үшін атқарылды. Жасыратыны жоқ, Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы облыс орталығын дамытуға серпін берді. Біздің ендігі мақсатымыз – осы қарқыннан таймай, қаламызды одан әрі дамыту болып табылады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Петропавлдағы нысандар Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының қонақтарын қарсы алуға дайын.
Култанов Байболат