Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейліктер өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындалып жатыр

Теріскейліктер қараша айының басында өтетін ХV өңіраралық ынтымақтастық форумына қызу дайындалып жатыр. Ауқымды шара аясында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві меймандарға 2 бірдей көрме ұйымдастырмақ. Ал, облыстық филармония ұжымы ән-жырдан шашу шашатын болады.

Алғашқы көрме Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде қарашаның 1-і мен 15-і аралығында ұйымдастырылады. Онда келушілерге сонау 17-ші ғасырдан сыр шертетін құжаттар көрсетілмек. Мәселен, шара аясында меймандардың назарына ІІ Екатеринаның Абылай ханды Орта жүздің басшысы етіп бекіткен хаты ұсынылады. Тағы, теріскейлік Смағұл Сәдуақасов, Жұмабек Тәшенов сынды қоғам қайраткерлерінің атқарған қызметтерін хабарлайтын суреттер қойылады. Одан бөлек, көрмеде Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы келісімдер болады.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Бүгінгі күні біз 9 құжат қойдық. Олар әлі де жалғасын табады. Әзірге мына жерде 1999-2000 жылғы құжаттар бар. Тағы, 2005-2008 жылдар аралығында қабылданған келісімдер де көрмеде болады.

Ал, екінші көрмені архив ұжымы мен С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесіп ұйымдастырмақшы. Ол әйгілі жерлесіміз – Мағжан Жұмабевқа арналған. Онда Алаш арысы туралы мол мағлұмат беретін 30-ға жуық құжатпен сурет көрсетілмек.

Сонымен қатар, ХV өңіраралық ынтымақтастық форумына облыстық филармония да қызу дайындалып жатыр. Жерлестеріміз өнер сүйер қауымға 7-ші қараша күні ресейлік әріптестерімен бірге “Достық көпірі” атты гала-концерт ұсынбақ. Шара Жастар сарайында кешкі 17:00-де басталады.

Ботагөз Ақмағамбетова – СҚО филармонияның директоры:

– Концертке 200-дей адам қатысады. Оның 62-сі Омбы қаласынан келеді. Тағы, Түменнен де қонақтар болады. Және біздің 3 оркестрімізде өнер көрсетеді.

Бұдан бөлек, ауқымды шара аясында Алматыдан келетін қонақтарымыз да өнер көрсетпек.

Ботагөз Ақмағамбетова – СҚО филармонияның директоры:

 – Қарашаның 9-ы күні Жастар сарайында үлкен концерт ұйымдастырылады. Онда Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ән-жырдан шашу шашады.

Кейін, халық аспаптары оркестрі өңіріміздің бірқатар аудандарына гастролдік сапар жасамақ.

 

Култанов Байболат